Қоғам

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Қара мәрмәрдан тұрғызылған мына қабырға қала көркін арттыру үшін салынған емес. Онда 20 ғасырдың 30-шы жылдары белең алған солақай саясаттың құрбанына айналған адамдардың есімдері қашалып жазылған. Жалпы саны 7 мыңға жуық. Олардың есімдерін нақтылауда облыстық мұрағат қызметкерлері екі жылдарын сарп еткен.

20 ғасырдың 1930-50 жылдары саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбанына айналған түрлі ұлт өкілдері тарихи отандарынан біздің елімізге жер аударылды. Қазақстанда күштеп ұжымдастыру салдарынан тек 1932-1933 жылдардың өзінде 1,5 миллионнан астам адам ашаршылық құрбаны болды. Солақай саясатқа қарсы шыққандары репрессияға ұшырап ату жазасына кесілді. Қаралы шақтың жалыны шарпымаған шаңырақ елімізде кемде-кем.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы деректер әлі де толық зерттеліп болмаған дейді мұрағат қызметкерлері. Аталмыш мекемеде қиын жылдар жайлы құжаттар жетерлік, араларында жария етуге тыйым салынғандары да бар көрінеді. Оларды жарыққа шығару уақыт еншісінде.

 

Самат Есмағи