МТРА жаңалықтары

Петропавлда әдеп жөніндегі кеңес өтті

Мемлекеттік қызметші өкілеттілігін пайдалана отыра заңсыз түрде Талғат Ақылбеков деген азаматты жұмысқа алған екен. Ал ол болса бұған дейін сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін сотталған болатын.

Жанат Жұмабаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Біз бұл іс бойынша М.Жұмабаев ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде Талғат Ақылбеков 2015-ші жылдың 5-ші қазанынан бастап “Халық шығармашылығы” орталығына көркемдік жетекші ретінде жұмысқа қабылданған. Екі күннен аудындық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Тамара Грибова оған директордың жауапкершілігін беру туралы бұйрыққа қол қойған. Осылайша барлық іс Талғат Ақылбеков арқылы жүрген. Оның ішінде мемлекеттік сатып алымдар да бар.

Бұл іс бойынша М.Жұмабаев аудандық соты үстіміздегі жылдың 7 сәуірінде Тамара Грибованы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеген. Сот үкімі шығып қойғаннан кейін әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің бұл іске қатысты ұсыныс шығаруға құқылары жоқ екен. Ал жалпы Мемлекеттік қызмет туралы заң бойынша сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікке тартылған жұмысшы өз қызметінен босатылады. Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасындағы сыбайлас жемқорлық қаупінің сараптамасы болды. Мәселен, ведомствада тасымалдаудың тарифін арттырудың арнайы нормасы жоқ.

Қайрат Шаймұқанов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы:

– Бұл басқармада тасымалдауға арналған тариф 1 шақырымға 4,7 мен 7 теңге аралығында деп бекітілген. Бірақ, қаралған істе тасымалдау тарифін растайтын құжаттар жоқ. Сонымен қатар, басқармада тасымалдаушы тараптың өтініші бойынша тарифті өзгерткендігі байқалады. Бағаны көтерудің негізгі себебі жанар-жағармай құнының өсуі болып отыр.

Жүргізілген сараптаманың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық қаупін жою мақсатында 40 ұсыныс жасалды. Оның 16-сы Инвестициялар және даму министрлігіне нормалық-құқықтық актілерге өзгерту енгізу мақсатында жіберілді.

 

Риат Шони