Ауыл шаруашылығы

Өңірге келген Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов теріскейлік диқандармен кездесті

Жер емген шаруалар бүгіндері алқаптардағы шаруаны 60 пайызға тындырыпты. Мұны жиынды ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов айтып өтті. Ауыл шаруашылығы саласында орын алып жатқан жаңалықтар теріскейлік аграрийлерді мазалаған болуы керек, олар министрмен өткен кездесуде көптеген сауалдар жолдады.

Анатолий Рафальский – «Тайынша Астық» ЖШС бас директоры:

– Сүт өнімдерін алуға қатысты мынадай сауал қойғым келеді. Ақты тұрғындардан әркім әр түрлі бағамен сатып алады. Бірақ, шаруа қожалығы болсын, ірі кәсіпорын болсын ол барлығында бірдей субсидияланады. Осы мәселе қарастырылса екен деймін.

Еркебұлан Ахметов – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінінің басшысы:


–  Қазір министрлікте бұл ережелерге қатысты өзгертулер енгізілуде. Оған сай жыл басында әкімдіктер сүтті алуға қатысты баға енгізеді. Егер кей сүт өңдейтін кәсіпорындар ақты осы бағадан кем алса, олар субсидияланбайды.

«Якорь СК» ЖШС директоры Владимир Очеретенко да министрмен өткен кездесуде өзін мазалаған проблеманың бетін ашты. 2015 жылдың тамыз айынын бастап ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарда тіршілік көзін тұтыну бағасы артқан. Және де тариф бірден 15 есеге шарықтаған. Сондықтан, серіктестік басшысы тұтынатын су тарифін субсидиялау жайын қарастыру керек дейді.

Еркебұлан Ахметов – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басшысы:


–  Шынымен де өткен жылға дейін Экономика министрлігі суды субсидиялап келді. Оның арқасында ауылшаруашылығы туар өндірушілері арзандатылған бағамен тіршілік көзін тұтынды. Қазір бұл мәселе өзгерді. Енді өндіріспен айналысатын барлық кәсіпорындар коммерциялық мекемелерге теңестірілді. Сондықтан, қазір су ресурстары комитетімен бұл мәселе қарастырылып жатыр.

Диқандар тағы өзімізде шығарылатын комбаиндарды және элиталы тұқымдарды субсидиялау жайын көтерді. Теріскейлік шаруалармен кездескен министр соңғы кездері ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелер көп екендігін айтып, мемлекет тарапынан аграрийлерге қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Асқар Мырзахметов – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Биылғы жылға бөлінген субсидия толығымен төленеді. Жылдың басында субсидияның неліктен тоқтап қалғандығын айттық қой. Гектар бойынша берілетін субсидияны басқаға ауыстыру үшін біз оны тоқтатқанбыз. Сондықтан, енді заңнамаларды өзгерту керек. Ол жұмыс жүріп жатыр. Заңнама өзгерту оңай емес. Күзге дейін ол қабылданып біту керек. Сол себепті, ақшаны беру жөнінде шешім қабылданған.

Еліміздің бас аграрийі тағы осыған дейін көп дау тудырған жер мәселесіне қатысты да ойын айтып кетті.

Асқар Мырзахметов – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Жердің өзінің иесі болу керек. Әйтпесе, оның тиімділігін айту артық болады.

Өңірге жасаған жұмыс сапарын қортындылай келе Ауыл шаруашылығы министрі өлкеміздегі көктемгі-дала жұмыстарының жақсы қарқынмен жүргізіліп жатқандығын айтты. Біздің өңірден кейін Асқар Мырзахметов Қостанай облысындағы науқан барысымен танысады.

 

Айгерим Ержанова