Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” ФК елордалық “Бәйтеректі” тізе бүктірді

Жерлестеріміз мамырдың 19-ы күні бірінші лиганың 7-ші туры аясында түзде астаналық “Бәйтерекке” қарсы кездесу өткізді. Аутсайдермен өткен матчта бірінші таймда жанкүйерлердің өкінішіне қарай гол соғылмады. Ал келесі бөлігінде, 53-ші минутта жартылай қорғаушы Сергей Струков елордалықтарды қапы қалдырып өз командасын алға шығарды. Бұған жауап 77-ші минутта келді. Гол авторы Максим Гладченко. Дегенменде, кездесудің нүктесін қызылжарлықтар қойды. Ойынға қосылған уақыттың 2-ші минутында елордалықтар тәртіп бұзып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Бұл нүктеден Сергей Струков мүлт кетпей, дубль авторы атанды. Сонымен қатар, өз командасына жеңісті сыйлады. Қоржынға кезекті үш ұпай салынғаннан кейін жерлестеріміз 14 ұпаймен турнирлік кестеде көш бастады. “Қызыл-Жар СҚ” командасының кезекті ойыны Қарасай стадионында мамырдың 25-і күні өтеді. Онда жерлестеріміз ҚР кубогінің ширек финалы аясында ел чемпионы “Астананы” қабылдайды. Матч кешкі сағат 18-00-де басталады. Кіру тегін.

 

Риат Шони