Мәдениет

Петропавлда мәдениет саласының қызметкерлері күні аталып өтті

Бүгін мына залға нағыз өз ісінің майталман шебері ретінде өнерге берілген азаматтар жиналды. Бірі көп жыл бойы сахнада түрлі жанрдағы рөлдерді сомдаса, енді біреулері жастардың рухани баюына септесетін кітапханшылар мен мұражай, кітапхана қызметкерлері. Бәрі де мәдениет саласы мамандарының төл мерекелерін атап өтпек. Осынау маңызды күні өнер адамдарын облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Сіздер, өз өнерлеріңізбен елдің рухын көтеріп, халқымыздың мәдени талғамы мен танымын қалыптастырып, құндылықтарын әлемге паш етесіздер. Ғасырлар бойы атадан балаға мирас болған асыл мұраларды өскелең ұрпаққа жеткізуде, патриоттық сезім қалыптастыруда Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын.

Мәдениет – ел мәйегі, мемлекеттілікті айшықтайтын ең басты факторлардың бірі. Сондықтан да өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі қашан да биік саналады. Сол себепті, дәл осы күні өңір басшысы мәдениет саласының бірқатар азаматтарына марапаттар табыстады.

Айту керек, бұл күні облыс әкімінің Құрмет грамотасымен 9 адам, ал алғыс хатпен 14 маман марапатталды. «Мәдениет саласының үздігі» белгісі 5 солтүстікқазақстандыққа бұйырды. Ал тағы екеуі ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды.

Индира Ибраева – СҚО мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының бас маманы:

– Барлық әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын. Өнерлері өрге жүзсін. Бүгін облыс басшысының Алғыс хатын алғаныма қуаныштымын. Еңбегімнің бағаланғандығы деп білемін.


Борис Васко – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының әртісі:

– Бүгін мен үшін ерекше күн. Облыс әкімінің қолынан» Мәдениет саласының үздігі» белгісін алдым. Рахмет. Барлығын мерекемен құттықтаймын. Әрқашан көңілдеріңіз көтеріңкі болсын.

Абылай хан резиденциясының бөлім меңгерушісі Әсемгүл Қыдбекова да бүгін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Нәзікжанды мәдениет саласына өмірінің 15 жылын арнаған екен.

Әсемгүл Қыдбекова – “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені көпшілік-экскурсиялық бөлімінің меңгерушісі:
–  Өзіме мәдениет саласында, оның ішінде мұражайда қызмет еткен ұнайды. Бүгін еңбегімнің бағаланғанына ризамын. Алғысым шексіз.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Бүгінде облысымызда 2 жарым мыңнан астам адам мәдениет саласында қызмет етуде.

Айгерим Ержанова