МТРА жаңалықтары

Табиғатты қорғау – баршаның міндеті

Серебряный Бор табиғи ескерткішінің жалпы аумағы – 83 гектар. Мұндағы бой түзеп өскен қарағай, қайың ағаштарының биікті 25-30 метрге дейін жетеді. Осындай ауасы жұпар, табиғаты көрікті жерді мамандар ұдайы бақылауда ұстайды. Олар бүгін орман белгісі бар ескірген ағаш бағаналарды жаңасына ауыстыруда.

Еркебұлан Байсымаков – “Соколов орман шаруашылығы” МКМ директорының орынбасар:

-Қыс өтіп, көктем келгесін біз орманда тазалық шараларын жасаймыз. Ағаш бағаналарын сырлаймыз. Қолымыз бос болғанда жазғы уақытта жұмыстар жиі өтеді. Бұл жердегі ормандарда жасы 120 жасқа жеткен ағаштар бар.

Мамандар көктем келісімен өрт қауіпсіздігін күшейткен. Олар алдағы уақытта төтенше жағдай орын алмас үшін орман шетін трактормен жыртуда.

Ал, осы сәтте орман ішінде жұмыс қызған. Мұнда Соколов орман шаруашылығы қызметкерлері мен Пеньково орта мектебінің оқушылары шіріген ағаштарды кесуде. Бұл іске білек сыбана кіріскен жастардың бірі – Роман Демисинов. Ол қайың бұтақтарын тіркемеге тиеуде.

Роман Демисинов – Пеньково орта мектебінің 9-сынып оқушысы, Қызылжар ауданы:

-Біз бүгінгі шараға өз еркімізбен қатысып жатырмыз. Өйткені, барлығымыз табиғатты аялай білуіміз қажет. Орман ішіндегі күл-қоқысты жиі тазалап отырсақ жақсы болады. Қазір міне достарыммен бірге шіріген ағаш бұтақтарын сыртқа шығарып бітірдік.

Бұл іс-шараға 20-ға жуық адам қатысты. Біздің өңірде республикалық маңызға ие 12 табиғат ескерткіш бар. Оларда тазалық шаралары мамыр айының соңына дейін жүргізіледі.

 

 

 

Култанов Байболат