Өнеркәсіп

Петропавлда пластик бөтелкелерді жинайтын жәшіктер орнатылып жатыр

Жақында тағы 150 жәшік орнатылмақ. Петропавлдықтар бөтелкенің жеке жиналуының аула тазалығына да үлесі мол дейді.

-Мен арнайы әкеліп салып жүремін. Ертең өңдейтін шығар.

-Аула тазалығы үшін де өте пайдалы. Көшеде, табиғат аясында шашылып жатады ғой.

Тұрғындарды жиналған қатты қалдық түрінің қайда баратыны мазалуы орынды. Қаладағы 180 себетті “Свинцов” ЖК орнатқан. Олар 2-3 күн сайын жиналған бөтелкелерді осы жерге әкеледі. Әзірге, түсі мен сапасына қарай сұрыптау жұмыстары жүріп жатыр. Бұрын ағаш өңдеумен айналысқан кәсіпкерлік жыл соңына дейін құтыларды іске жарату мақсатында зауыт ашып, құрылғылар сатып алмақшы. Бұл орайда мемлекет қолдауы керек-ақ дейді іскер азамат Александр Кодочников. Ойында синтепон, флэкс сынды материалдарды өндіру ісі бар.

Александр Кадочников, “Свинцов” ЖК басшысы:

-Міндетті түрде “Даму” кәсіпкерлерді дамыту қорына жүгінетін боламыз. Құжаттар дайындық үстінде. Біздің өңірде пластик өңдейтін зауыт жоқ. Сондықтан, көп қабатты үйлер мен демалыс айлақтарына себеттерді орнатып қойдық. Бұл ретте әкімдіктегілер қолдау танытты. Тұрғындар да разы.

Әзірге, бір ғана мәселе бар. “Аулаға орнатқан себетімізді сындырып, жиылған құтыларды шашып кететіндер де кездеседі. Кейде, тіпті жәшіктерді қойған орнымыздан таппай жатамыз. Төгіп жатқан тер мен еңбегімізді жұрт ескерсе екен”,- дейді кәсіпкерліктегілер.

 

 

 

Акбопе Танирберген