Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:
-Ұлы Отан соғысына әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанды. Бұл 1 млн 800 мың адам. Оның көбі елге оралған жоқ. Қазіргі таңда елімізде 3 мың 660 Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегі тұрады. Біз олардың ерлігін ардақтап, құрмет тұтуымыз керек.
Жалпы “Ұлы Жеңістің Батырлары – қазақстандықтар” атты кітапты жасаушы “Нұр Отан” партиясының қоғамдық саясат институты жұмысқа “Интеллект Орда” Әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер ықпалдастығы халықаралық институтының мамандарын да тартыпты. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, бірлесе атқарған еңбек өз жемісін берді. Бүгін облысымызға сиясы әлі кеппеген туындының 10 данасы жеткізілді. Оның ішінде отты жылдары ерлікпен жауға қарсы тұрған жерлестеріміздің де есімдері жазылған.
Сәуле Мәлікова – СҚО мемлекеттік мұрағат директоры:
-Беларусь музейінен Николай Земнидский жайлы бізде жетіспеген материалдарды алдық. Ол кісі сол жерде қоршауда қалған. Кейін жергілікті халықты жинап, партизандар қозғалысын бастап, қоршауды бұзып шыққан.
Кітапта мәліметтерді толыққанды қамту үшін еліміздегі мұрағаттағы құжаттар, әрине аздық етті. Сол себепті, авторлар Ресей, Беларусь, Украина және өзге де елдерден батырлардың өмірбаяндарынан қандай да бір ақпарат болатын құжаттарды жинастырған. Ал солтүстікқазақстандық майдангерлер жайлы мәліметтерді құрастыруға облыстық ардагерлер кеңесі көмектесіпті.
Анатолий Корабельников – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
-Бұл кітаптың шығуы, әсіресе, ардагерлерге маңызды. Қазіргі таңда облыста 100 мыңға жуық ардагер тұрады. Оның 201-і – Ұлы Отан соғысын басынан өткергендер. Біз бұл туындыны жасауда көптеген мұрағаттық мағлұматтар бердік. Менің ойымша, кітап өскелең ұрпақ үшін қызықты болады.
Жалпы “Ұлы Жеңістің Батырлары – қазақстандықтар” атты кітаптың 1700 данасы басылып шыққан. Туындының алғашқы нұсқасы орыс тілінде. Алдағы уақытта жоба авторлары оны қазақшаға, кейін ағылшын тілдеріне аударуды жоспарлап отыр.
Риат Шони