Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандықтар Ұлы Жеңістің 71 жылдығын кең көлемде атап өтті

Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – біз үшін де ұлы мереке! Ұлы Отан соғысы біздің әрбіріміз үшін ұмытылмастай ізін қалдырды. Бүгін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры алаңына мыңдаған солтүстікқазақстандықтар жиналып, Ұлы Жеңістің 71 жылдығын тойлауда.

Қазақ, орыс, татар, украин, поляк. Тізе берсе саны көп. Бұлардың барлығы ұлтына, тілі мен дініне қарамастан Отан ананы жауға бермеу үшін күресті. Қан майданды басынан аяғына дейін өткергендердің бірі – Никита Семенов. 1920-шы жылы дүниеге келген ардагердің ертең, яғни 10-шы мамыр туған күні екен, 96 жасқа толады. Никита Герасимович отты жылдарды үлкен тебіреніспен еске алып, ел басына енді бұндай қатер төнбесе екен дейді.

Никита Семенов – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Мен соғысты басынан аяғына дейін өттім. Майданда мерген болдым. Сержанттық шенім болды. Сұрапыл соғыста қаншама жолдасым қаза тапты. Аса ауыр жылдар еді. Жеңісті асыға күттік. Ол күнге де жеттік.

Ұлы Отан соғысы алыстағанымен, оның салған жарасы әлi де жазылар емес. Отты жылдар шаңырағын шайқалтпаған бірде-бір отбасы жоқ. Фашистік Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан жасаған шабуылына ең алғашқылардың бірі болып Батыстағы Брест қамалын қорғаушылар тойтарыс берді. Ол қорғаныста әскери борышын өтеп жүрген 3 мыңнан аса қазақстан­дық­тардың қатарында Мағзұм Исагуловтың ағасы Малғаждар Исагулов та болған екен. Өкінішке қарай, кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапқан.

Мағзұм Исагулов – тыл еңбеккері

– Менің ағам Брест қамалында соғысқан. Елге хат жазып жіберген. Өлең шумақтарымен анасына арнап жазды.

Ардагерлердің ұрыс даласында көрсеткен көзсіз ерлігі барлығының есінде. Жеңісті жақындатуға өз үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің де еңбегі өлшеусіз. Қарақұрым халық алдында сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов солтүстікқазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтап, ардагерлерлге алғысын білдірді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жеңіс күні еліміздің әр азаматы үшін қымбат. Себебі, соғыс оты шарпымаған отбасылар кемде-кем. Жылдар өткен сайын сол соғысты көрген ардагерлердің қатары азайып келеді. Бірақ, олардың батырлығы мен қайсар ерлігі, Отанға деген махаббаты ұмытылмайды. Жастайынан еңбекке араласып, майданға азық-түлік, киім, қару жіберген тыл еңбеккерлерінің еңбегі өлшеусіз. Соғыс біреудің балалық шағын, екіншінің жастығын, біреудің жолдасын, біреудің әкесі мен бауырын алды. Бүгінгі ұрпақ сол қасіреттің бағасын біліп, қайсарлықты құрметтеп өсуі керек.

Бүгінгі ұлы мерекені өзінің жерлестерімен атап өтуге КСРО ұшқыш-ғарышкері Александр Викторенко да келді. Кеңес Одағының Батыры бұл Ұлы Жеңіс жайлы, ата-бабамыздың ерлігін өскелең ұрпаққа баян ету – біздің парызымыз екендігін тілге тиек етті.

Александр Викторенко – КСРО ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры:

– Менің қазір немерем бар. Менің ендігі басты мақсатым – оған 9 Мамыр – Жеңіс күнінің маңызын түсіндіру. Ата-бабамыздың қандай қиын-қыстау жылдарды басынан өткеріп, бейбіт өмірді сыйлағандығын жеткізу. Бұл – менің ғана емес барлығымыздың міндетіміз.

Бұдан соң салтанатты шараға қатысушылар Мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, шейіт болған майдангерлерді еске алды. Алғашқы гүл толы себет – облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан.

Кейін ашық аспан мен бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері осыдан 71 жыл бұрын ұйымдастырылған алғашқы салтанатты шерулерін еске алып, дүйім жұрттың ықыласына бөленіп алаңмен жүріп өтті.

Бұдан соң Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, жалпы теріскей жұрты жергілікті өнерпаздардың ұйымдастырған концертін тамашалады.

Зұлмат жылдар артта қалды. Ата-бабамыз қайғы-қасіретті басынан өткеріп, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлады. Бұны бүгін әрбір солтүстікқазақстандық тілге тиек етіп, жер жаһанда соғыс аты енді болмасын деп тілесті.

– Біз ұмытпаймыз, біз мақтан тұтамыз. Ел басына күн туғанда атқа қонып, қасық қаны қалғаншы Отан үшін күрескен майдангерлердің ерлігі өскелең ұрпақтың мәңгі жадында. Ұлы мерекені тойлауға келген жұртшылық Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Жеңіс оты өшпесін деп тарқасты.

 

 

Риат Шони