Денсаулық сақтау

Облыстық кардиологиялық орталықта ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді

Залға жиналған ардагерлер мен ақ халатты абзал жандар экрандағы естелікті қалтқысыз тамашалады. Жалпы, мұндай іс-шара Ұлы Жеңістің 71жылдығы қарсаңында облыстық кардиологиялық орталықта алғаш рет өтіп отыр.

Асхат Молжігітов – Облыстық кардиологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Біз Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге медициналық көмек көрсеттік. Олармен кеңесіп, денсаулықтарын сұрап білдік. Бүгін, міне оларға арналған шағын концерт ұйымдастырып жатырмыз. Біз майдангерлердің ерлігін ұмытпауымыз қажет.

Бүгінгі кешке 10-ға жуық соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлері және орталықта ем қабылдап жатқан тұрғындар да қатысты. Олардың қатарында Оразбике Сақтағанова да бар. Кейуананың балалық шағы отты жылдармен тұспа-тұс келген екен. Жерлесіміз сол кездегі жастығына қарамастан күндіз-түні еңбек етіп, ұрыс даласындағы майдангерлерге қолдан келгенше көмек беруге тырыстық дейді.

Оразбике Сақтағанова:


–  Бала кезімнен шешеме көмектестім. Мен жүн түттім. Үлкен әпкем оны иірді. Ал, анам болса шұлық тоқыды. Сосын оны осындағы әскери бөлімге апарып майдан даласындағы солдаттарға жіберіп отырдық.

Мерекелік жиында кардиологиялық орталық қызметкерлері мен жергілікті өнер ұжымдары шағын концерт ұйымдастырыпты. Олар соғыс, Отан, бейбітшілік тақырыптарында өлеңдер оқып, әндер шырқады.

Култанов Байболат