Денсаулық сақтау

Жыл басынан СҚО-да жарақат бөлімінде 300 бала емделіп шыққан

Алайда жазғы демалыста ойынға беріліп, шат-шадыман болып жүрген балақайлар аяқ астынан жарақат алып жатады. Облыстық балалар ауыруханасының жарақат бөлімі 35 орынға шақталған. Бірақ жаз мезгілдері мұнда түскен балалардың саны 40-45-ке дейін барады екен.

Мысалы, 13 жастағы Юрий Морозов достарымен ойнап, велосипедімен үйіне қайтып бара жатқан жолда көлік қағып кетіпті. «Бағдаршам жұмыс істемей тұрды, мені қаққан көлікті де аңғарып үлгермедім» дейді бала. Оқиға орнына бірден жедел-жәрдем келген. Баланың бас сүйегіне зақым келген, жамбасы мен аяқ-қолы сынған. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсеткен, жағдайы жақсы. Әбден зәрезап болып қалған жеткіншек енді велосипед теппеймін деп отыр. Ақжол Мұхаметкәрімов да ауылда футбол ойнап жүріп құлап, қолын сындырған. Бірақ, бұл балақай керісінше тезірек жазылып, қайтадан доп тебуге асығып отыр.

Ақжол Мұхаметкәрімов , емделуші:

– Кешкі сегізде шалынып құлап қолымды сындырдым. Сосын анаммен аудандық ауруханаға бардық. Олар қалаға жіберді. Қазір жағдайым жақсы.

Ал кішкентай Захар Макаровтың денесін күйік шалған. Небәрі 11 айлық баланың денесінің 16 пайызы ыстық суға жидіп қалыпты. Негізінен кішкентай науқастардың дені үлкендердің салғырттығының салдарынан аурухана төсегіне таңылыпты. Дәрігерлдердің айтуынша күйікпен келетіндердің көбі 3 жасқа дейінгі балалар.

Юлия Макарова, емделушінің анасы:


– Баламның оң аяғы мен оң қолын күйік шалды. Әрине бірінші менің кінәм. Үстел үстіне бір құты қайнаған суды балама беремін деп суытып қойғанмын. ойнап жүрген бала дастарханды тартып қалғанда үстіне құйылып кетіпті. Қазір жағдайы жақсы. Бірер күнде шығамыз.

Дәрігерлер қыс мезгіліне қарағанда жазғы демалысқа шыққан балалардың жарақат алуы көп кездеседі дейді. Сондықтан ата-аналарды перзенттерін назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Асылхан Жағыпаров, Облыстық балалар ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері:

– Жаздың күні жарақаттанған балалар саны көбейеді. Балалар алаңқайында құлап, кейбірі үйдің ішінде жүрып жарақаттанып жатады. Күйіп қалатындары да көп. Ата-анар балаларына абай болса екен.

Жарақат бөліміне түсетін балалардың саны жыл санап артуда. Масалы, 2014 жылдың жаз айларында ақ халаттылардың көмегіне 1904 бала жүгінсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 2028-ге жеткен. Айту керек, жыл басынан аталмыш ауруханада күйік шалып, жарақаттанған 332 бала емделіп шыққан.

Акбопе Танирберген