Құқық қорғау органдары

«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары мотоцикл жүргізушілерімен кездесті

Төрт апат темір тұлпарды тізгіндегендердің кесірінен орын алған. Оның біреуінде жүргізуші рөлге мас күйінде отырған. Осы орайда “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу шарасы барысында ІІД әкімшілік және де жергілікті полиция басқармасының қызметкерлері байкерлермен кездесу өткізді. Онда тәртіп сақшылары мотоцикл жүргізушілерін қала көшелерінде жылдамдықты асырмай, жолда жүру ережелерін сақтауға және арнайы қорғаныш киімдерін киіп жүруге шақырды. Жалпы желмен жүйіткіп жарысатын мотокөлік иелерінің тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында полицейлер көктем мезгілінде апта сайын рейд жүргізіпті. Нәтижесінде 68 мотоцикл жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 80 мотокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Әбілсейіт Жолаушин – СҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы:

– Сәуірдің 23-25 аралығында республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның негізгі мақсаты – мотокөлік жүргізушілерінің өрескел бұзушылықтарын анықтау. Жазғы уақытта кәмелетке толмаған балалар аталған көлік түрімен жүретін болады. Сондықтан әкімшілік полиция қызметкерлері қатаң жұмыс істеуде.

Риат Шони