МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов облыстың Құрметті азаматтары – Нэлли Иванова мен Евгений Викторовты мерейтойымен құттықтады

Үстіміздегі айда жерлестеріміз 75 жасқа толды. Мерейтой иелерін алғашқылардың бірі болып өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Нэлли Александровна 1941 жылы Петропавл қаласында дүниеге келді. Еңбек жолның көп бөлігін партиялық жұмыстарға арнады. Нэлли Иванова өз ісінің шебері, талантты ұйымдастырушы. Сіздің бірнеше жыл мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтында жемісті еңбек еткеніңізді білеміз. Ал Евгений Иванович жұмыс жолын зоотехниктен бастап, совхоз директорына дейін көтерілді. 10 жылын партияға арнады.

Нэлли Иванова мен Евгений Викторов қиын-қыстау жылдары басқаларымен бел жазбай еңбек етті, тығырықтан алып шығатын маңызды шешімдер қабылдады. Осылайша өңір экономикасының дамуына үлес қосты. Мерейтой иесінің екеуі де Еңбек ардагері әрі облыстың Құрметті азаматы. Олар бұл дәрежеге көп жылғы еңбегінің арқасында жетті.

Жетпістің бесеуіне келген қос қарияға аймақ басшысы құттықтау хатын табыстап, гүл сыйлады. Осы күні ізгі тілектері мен жылы лебіздердін үзеңгілестері мен әріптестері де білдірді. Айтуларынша, Нэлли Александровна мен Евгений Иванович адамдарды ұлт пен нәсілге бөліп жармай, үлкен мен кішіге тең қарап, үзеңгілестеріне ағалық қамқорлығын көрсете білуімен ерекшеленген. Ардагерлер кеңесі, қала әкімдік пен қоғамдық ұйым жетекшілерінің алғысынан соң, сөз кезегі мерейтой иелеріне берілді. Осы тұста Нэлли Иванова өмір бұрмалаңдарын өлең жолдарымен тізбектеді.

Евгений Викторов саналы ғұмырында қызметіне адал болып, басшылардың үмітін ақтауға тырысқандығын айтты.

Евгений Викторов — Еңбек ардагері, облыстың Құрметті азаматы:

– Мен қызметімді адал атқаруға тырыстым. Мен жұмыс істеген жылдары еліміз үлкен қиыншылықтарды бастан өткерді. Әсіресе 90-шы жылдар бәріне оңайға тимеді. Сонда Елбасы Н.Ә. Назарбаев өңірімізге жұмыс сапарымен жиі келіп, ел болашағының жарқын боларын айтатын. Сол сөзі маған үлкен жігер силап, жұмысқа деген құлшынысымды арттыратын. Міне, солай талмай еңбектеніп осы күнге жетіп отырмын.

Жетпістің бесеуіне келген қос қария бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ардагерлер кеңсіндегі тұрақты комиссияға мүшелік етіп, ұрпақтың тәрбиесіне атсалысуда. Кездесу соңында мерейтой иелері аймақ басшысымен естелік суретке түсті.

Берік Қасен