Ауыл шаруашылығы

Өңірде “Агробизнес 2020” мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асуда

Ерғали Ғабдулин – “Большималышенское” ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

-Бұрын біз маусым бойынша жұмыс істейтінбіз. Қызметкерлерім қыс келісімен көктемге дейін демалысқа кететін. Ал былтырдан бастап мал шаруашылығымен айналысуды қолға алдық. Қазір ісімізді қыста да жалғастырамыз.

Серіктестік былтырғы жылдың тамыз айында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 38 миллион теңге рәсімдепті. Ол қаражатқа шаруашылық Ресейден 100 бас аналық қара-шұбар сиыр сатып алған. Олар күніне орта есеппен 14-15 литрден сүт береді.

Ерғали Ғабдулин – “Большималышенское” ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

-Жоспарымызда аналық сиырлардың басын 300-ге дейін жеткізу бар. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта азық базасының аумағын ұлғайтамыз. Сондай-ақ, біз күніне 1,5 тонна сүт өткізуді ойластырудамыз.

Ерғали Ғабдулин болашақта сүт таситын көлік сатып алуды жоспарлайды. 3 млн теңге тұратын машина үшін фермер Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан тағы да несие рәсімдепті. Ал, мына 5 тонналық сүт салқындатқышты кәсіпкер жуырда орнатқан. Енді елді мекен тұрғындары ақты жаңадан ашылған сүт қабылдау пунктіне өткізе алады. Сондай-ақ, бұл жерден 6 адамға екі қолға бір күрек табылған. Виктор Эленберг фермада 1 жылға жуық еңбек етеді. Ол ай сайын 60 мың теңге жалақы алады.

Виктор Эленберг – “Большималышенское” ЖШС бригадирі:

-Жалақымыз уақытылы беріледі. Қазір қыста да еңбек етуге жұмыс табылды. Бұрындары осы уақытта ауылда екі қолға бір күрек таппайтынбыз.

Бұл өңірде соңғы 3 жыл ішінде “Ырыс” мемлекеттік бағдарламасы көмегімен ашылған жалғыз сүтті-тауарлы ферма емес. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы теріскейде 11 бағдарлама сәтті жүзеге асқан. Кәсіпкерлер 415 млн теңгеге 900-ден аса сүтті бағыттағы ірі қара және өндіріске қажет түрлі құралдар сатып алған. Ал, биыл облыста тағы да 7 сүтті-тауарлы ферма ашу жоспарда бар.

Айдар Төлеев – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚФ директорының орынбасары:

 

-Біз кәсіпкерлерге жылдық 11 пайызбен 60 млн теңгеге дейін несие береміз. Оның 7 пайызын мемлекет қаржыландырғандықтан қалған 4 пайызы бизнес субъектісіне тиесілі. Зайымшы негізгі қаражат сомасын 2 жылға дейінгі мерзімде төлеуден босатылып, тек пайыздық мөлшерлемесін өтейді. Қарыз алушы несиені 7 жыл ішінде қайтаруы тиіс.

Ал, өңірде 3 жыл ішінде “Сүт қабылдау пункттерді ашу және дамыту” бағдарламасы бойынша 51 млн теңгенің 10 жобасы іске асыпты. Биыл Қызылжар және Айыртау аудандарында сүт қабылдау фермалары ашылмақ.

Култанов Байболат