-Көрмеге қойылған ең үлкен картина «Соғыс жылдарында» деп аталады. Оны жерлесіміз Айтынбай Молдабеков салған екен. Автор Ұлы Отан соғысына қатысып, оралғасын көзбен көрген сұрапыл жылдарын қағаз бетіне түсірумен айналысқан.
Бұл жерде қазақстандық суретшілерден бөлек Ресей қылқаламшыларының туындылары да бар. Мына бір «Сахнаға шығар алдында» дейтін картина 1944 жылы қағаз бетіне майлы бояумен салынған. Мұнда балерина қыздардың айна алдындағы суреті кескінделіпті. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша қайнаған соғыс жүріп жатқанда өнер адамдары жауынгерлердің рухын көтеру мақсатында концерт қойған. Ал, мына тұрған Виктор Цветковтың «Партизан қыз» туындысының тарихы мүлде бөлек.
Жібек Жүзенова, Облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкері:
-Соғыс кездерінде үлкендерді былай қойып балаларда қару алып жауға қарсы тұрған. Суретте 14-15 жастағы Лиза бейнеленген. Ол Курск түбіндегі шайқасқа қатысқан деген деректер бар.
Бейнелеу өнері мұражайының «Соғыс» тақырыбындағы қоры былтыр жаңа туындылармен толыққан. Бүгінгі ұрпақтың жеңісті, ардагерлерді салған ол суреттері де осы залда.
Надежда Гусельникова, Петропавл өнер колледжінің студенті:
-1945 жылдың көктемі» аталған картинаны былтыр 9 мамырда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап салып едім. Бір сурет арқылы қанша жыл күткен жеңіске қол жеткізген сол кездегі жауынгерлердің қуанышын бейнелегім келді.
Аталмыш мұражайда «Балалар бейбітшілікті бейнелейді» аталған жас суретшілер көрмесі де ашылды. Қос көрмені петропавлдықтар облыстық бейнелеу өнері мұражайынан бір ай бойына тамашалай алады.
Акбопе Танирберген