Спорт

Петропавлдық «Барыс» баскетбол командасы ел біріншілігінің қола жүлдегері атанды

Петропавлдық «Барыс» баскетбол командасы ел біріншілігінің Жоғарғы лигасында үшінші орынға ие болды. Олар жарыста 35 ұпай жинап, қола жүлдені жеңіп алды. Жерлестеріміздің алдына тек шымкенттік және атыраулық ұжымның жігіттері түсті. Айта кеткен жөн, біздің құраманың негізгі ойыншылары солтүстікқазақстан баскетбол мектебінің шәкірттері. Теріскейлік спортшылар бұл жетістікке Щучинск қаласында өткен чемпионаттың соңғы турында қол жеткізді. Олар 4 ойынның 3-еуінже жеңіп, маңызды ұпайларды қоржынға салды. Сондай-ақ, біріншіліктің нәтижесі бойынша шабуылдаушы қорғаушы Рустам Галимов және шабуылшы Максим Налогов Жоғарғы лиганың үздік бес ойыншысының қатарына кірді.

Култанов Байболат