Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Тайынша ауданында инвесторлармен кездесті

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Жобалаушылар қазақстандық болсын. Зауыттың жобалық-сметалық құжатын маусым айына дейін әзірлеңіздер. Қытайда жасаған жобалық шешімдеріңізді бізге беріңіздер, оны жергілікті жерге бейімдейміз. Сіздерге алдын ала айтып қояйын, Ильичевка селосында тұрғындар аз. Ал сіздерге келешекте көп жұмыс күші қажет болады. Сондықтан, баспанамен қатар жұмысшыларға арнап әлеуметтік маңызы бар нысандарды да тұрғызу керек.

Цзя Хэи – “Айцзю” компаниясының президенті, Шаньси провинциясы, ҚХР:

-Біз Ильичевка селосы маңындағы темір жолдың 800 метрін өз есебімізден қалыпқа келтіреміз. Оны жөндеуге шамамен 150 мың АҚШ доллары жұмсалады. Зауыт іске қосылысымен 3,5 мегават электр қуаты қажет болады. Және кешен маңынан құдық қазып, су құбырларын тартып беру жағынан көмек берулеріңізді сұраймын.

Май зауыты Тайынша ауданындағы Ильичевка селосы маңында тұрғызылады. Нысанға 15 Га жер бөлінді. Жарқын болашақта инвесторлар Ильичевка селосын көркейтуге үлестерін қосып, онда аурухана, мектеп, балабақша сынды әлеуметтік маңызы бар нысандар мен үйлер салады. Онымен қоса мыңнан астам адамға жаңа жұмыс орнын ашпақ.

Цзя Хэи – “Айцзю” компаниясының президенті, Шаньси провинциясы, ҚХР:

-Бұл жоба жүзеге асса, СҚО-да агроөнеркәсіптік кешен дами түседі. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің майлы дақылдарды көбірек өсіруге ынтасы артады. Алып май зауытының құрылысы межеленген уақытында басталса жақсы болар еді. Қаржы, қондырғылар жағынан ешқандай мәселе туындамайды. Сіздерге үлкен Қытай нарығы ашылайын деп тұр.

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасы бойынша, жергілікті атқарушы органдағылар инвесторлардың өтінішін қысқа мерзімде шешіп беретін болды.
Қазіргі таңда “Ұлы жібек жолы” жобасы аясында Қытаймен арадағы сауда-саттық жаңғыртылуда. Осы күні Алматы мен Сиань қалалары арасында ұшақ қатынайды. Қытайлықтар қазақстандықтармен сауда-экономикалық байланысты нығайтпақшы.

Бұдан кейін инвесторлар Тайынша ауданынының аграрийлерімен кездесті. Қытайлықтарға ұсақ шаруашылықтармен жеке-жеке жұмыс істеу тиімсіз. Сондықтан, олар аграрийлерді ірі коперативке біріктіріп, олармен ұзақмерзімді келісімшартқа тұрмақ ойлары бар. Зауыт жұмысынан ауытқымас үшін оларға шамамен 100 мың Га жер қажет. Болашақта жердің аумағы кем дегенде 4 есеге әрі кетсе бір млн Га-ға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Жерлестеріміз инвесторлардың ұсынысы жақсы дейді.

Абай Бекбаев – “Макаш Агро” ЖШС директоры:

-Қытайлықтардың ұсынысы жайында ойлану керек. Егер қытайлықтар бізге алдын ала қаржылай көмек көрсетіп, күнде жинап алған өнімді толығымен сатып алатын болса бізде олармен жұмыс жасауға даярмыз. Айтуларынша, майлы дақылдарды нарықтың бағасынікінен 5-10 пайызға жоғары бағамен сатып алады. Бұл қожалықтар үшін өте тиімді деп ойламын.

Жиналысқа АШМинистрлігінің өкілдері, қаржы институтының мамандары қатысты. Олар да кооперативке бірігудің тиімді тұстарын атап шықты. Жергілікті шаруалардың 2-ші, 3-ші репродукциядағы тұқымға субсидия берілсе деген өтініші бар. Министрліктегілер бұл сұрақты қарастырамыз деді.

Абай Бекбаев – “Макаш Агро” ЖШС директоры:

-АШ министрлігінің бекіткен нормативі бойынша 1-ші репродукциядағы тұқымдарға субсидия қарастырған. Келешекте министрліктергілер ұсынысымызды қабылдап 2-ші, 3-ші репродукциядағы тұқымға мемлекеттен субсидия бөледі деген сенімдемін. Бұл әсіресе ұсақ шаруашылықтарға үлкен көмек болар еді.

Инвесторлар алдағы уақытта жергілікті 42 кәсіпкермен зауытқа майлы дақылдарды үздіксіз жеткізіп тұру жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарт жасаспақ.


Берік Қасен