Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірімізге жұмыс сапарымен Түмен облысынан делегация келді

Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев меймандарға СҚО-ның инвестициялық әлеуеті туралы қысқаша мәлімет берді. Кейін келіссөздер жеңіл өнеркәсіпті дамыту мен арадағы тауар айналымын ұлғайту төңірегінде өрбіді.

Мұхтар Манкееев – облыс әкімінің орынбасары:

– Түменен бізге импортаталатын тауар үлесі көп, 80 пайыз. Ал Түмен облысына бізден экспортталатын тауар үлесі бар болғаны 20 пайыз ғана. Сондықтан біз экспорттық әлеуетті дамытуға ерекше ден қоймақпыз. Және ресейліктердің бастамасын қолдауға әзірміз.

Сәуірдің 16-сы өңіріміздің 20 кәсіпорны Түмен облысында өткізілетін жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынбақшы.

Мұхтар Манкееев – облыс әкімінің орынбасары

– Көршілеріміз Түмен қаласында дүкен ашпақшы. Онда олар солтүстікқазақстандық тауар өндірушілердің өнімдері саудаға қойюды ұсынып отыр. Айтуларынша, сол жерден СҚО-ның өнімдерін бірден сатып алуға ыңғайлы болады.

Жиын барасында “Даму” қорының мамандары көршілерге несиелендіру шарттары, кепілдеме, субсидия сынды барлығы 70-тен астам бизнесті қаржылай қолдау тетігі жайлы қысқаша мағлұмат берді.

Андрей Шальнев – Түмен облысының инвестициялық саясат және кәсіпкерлікті қолдау департаменті директорының орынбасары, РФ:

– Бұл кездесу екі жаққа да тиімді. Тәжірибе алмасудың арқасында бір-бірімізден үйренеріміз көп. Қазір Ресейде де шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше ден қойылуда. Сіздерде де мемлекет кәсіпкерлерге, инвесторларға үлкен қолдау көрсетіп жатқандығынан хабарымыз мол.

Ал мына жерде Түмен кәсіпорындарының өкілдері солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер мен түрлі ведомствоның өкілдеріне өз өнімдерін жарнамалау үстінде. Жерлестеріміз болса ресейліктерден тиімді бағамен құрылыс материалдары мен жылқы сатып алуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Әлібек Сағадиев – “Единство” ЖШС директорының орынбасары:

– Бізге фанера мен торлы арматуралар қажет. Ресейліктер бағасын түсіріп береміз дейді. Олар ертең бізге келіп, осы жағын тағы бір пысықтап аламыз.

Алтынбек Абдоллаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Ресейліктер бізге 1 400 бас Алтай тұқымдас жылқыларын сатуға әзір. Жергілікті ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер жылқыларды “Құлан” бағдарламасы бойыншасатып алады. Біз бүгін орыстармен баға мен жолға кететін шығынды есептеп алдық.

Ал ресейліктектер болса түрлі салада тапсырыс берушілерді іздеп келіпті.

Денис Жалнин – “Винзилинский завод керамических стеновых материалов” компаниясының коммерциялық директоры, РФ:

– 27 жылдық тарихы бар зауытымыз керамикалық және үй құрылысына арналған кірпіштер шығарады. Біз өзімізге жаңа нарық, өнімдерімізге тұрақты тапсырыс беруші компанияларды іздестіріп жүрміз. Сіздер жақтан сенімді әріптестер табамыз деген ойдамын. Негізі біз өнімдерімізді делдалдар арқылы Астана мен Петропавл тұрғындарына өткізіп жүрміз.

Татьяна Сурель – “Веалпроф” компаниялар тобының қаржы директоры, РФ:

– Біздің компания су құбырлары мен болат темірден түрлі құрылыс материалдарын шығарады. Өнімдердің барлығы соңғы технологиялар бойынша әзірленеді. Сондықтан, сапасы жақсы деп айтамын, бірақ бағасы онша қымбат емес.

Түмен облысы делегациясының сапары екі күнге жалғасады. Бейсенбіде олар өңірдегі кәсіпорындарды аралайды.

Берік Қасен