МТРА жаңалықтары

Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында балалар кітабының апталығы өтуде

Балалар кітабының апталығы аясында мұнда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, дәл қазір Н.Крупская атындағы №10 орта мектептің оқушылары облыстық қуыршақ театрының әртістері әзірлеген қойылымдарды тамашалауда.Театр әртістері кішкентай көрермендерді қуыршақтың түрлерімен таныстырды. Әрбірінің қай елде пайда болғандарын айтып, сол кейіпкер басты рөлді сомдайтын ертегінің үзіндісін де көрсетті.

Наталья Гузеева – облыстық қуыршақ театрының әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері:


–  Қуыршақтың түр-түрі бар. Біз балаларға барлығын көрсеттік. Мәселен, бойшаң қуыршақ бар. Оның бойы адамдыкімен бірдей болады. Сонымен қатар, Германиядан шыққан марионетка деген қуыршақ бар. Оны әртіс арнайы жіптермен басқарып отырады.

Кейін оқушылар өз өнерлерін ортаға салды. Олар да қолғапты қуыршақтармен ертегілерден үзінді көрсетті. Жалпы бұл іс-шара кішкентай көрермендердің көңілінен шықты.

Маргарита Терекова – Н.Крупская атындағы №10 орта мектеп оқушысы:

– Маған бұл іс-шара ұнады. Қуыршақтар жайлы мол мағлұмат алдым. Әртістердің де ойнағаны ұнады.

Рустам Тәшімов – Н.Крупская атындағы №10 орта мектеп оқушысы:

– Мен өзім кітап оқығанды жақсы көремін. Александр Волковтың «Волшебник Изумрудного города» ертегісі ұнайды.

Бүгінгі шарада театрландырылған көріністерге басымдық берілуі бекер емес. Себебі, балалар кітабының апталығы аясындағы мереке “Театрдың сиқырлы әлемі” деп аталады.

Күлизат Шахатова – кітапханашы:

– Ертең мұнда С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртістері “Алдар көсе” қойылымын көрсетеді.

Балалар кітабының апталығы сәуірдің 8-не дейін жалғасады.

Риат Шони