Қоғам

СҚО-да суды сорып шығару жұмыстарына 47 бірлік техника мен 220 маман жұмылдырылды

Тұрғындардың біреуі үйіме су кірді десе, енді біреулері бақшам шайылды деп шағымдануда. Департамент қызметкерлері тәулік бойыны жұмыс істеуде.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:

– Биылғы жылы көктем ерте келді. Қар еріп, кейбір аймақтарды су басып жатыр. Сәйкесінше, бізге келіп жатқан қоңыраулар саны да артты. Таңғы 8-ден түске дейін ғана біздің мамандар 40-тан астам шағым қабылдап үлгерді. Адамдарды психологиялық тұрғыда түсінеміз. Бірақ, олар да біздің жағдайға түсініспеншілікпен қарауларын сұраймыз. Техника бәріне бір уақытта көмек көрсетуге жетпейді ғой. Шамамыз келгенше қызметкерлерді су басқан мекен жайларға жіберуге тырысамыз.

Бұл штабтың мамандары тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс жасауда. Облысымыздың аудандары мен еліміздің барлық қалалары онлайн байланыс орнатып, су басу жағдайын қатаң бақылауға алған.
Дәл қазір мамандар «Береке» ықшам ауданында тұратын 86 жастағы зейнеткерге қол ұшын беруде. Жалғызбасты қарияның баспанасына су кірген. Бұл жерде жігіттер 3 сағат бойы шланг арқылы суды сыртқа шығарып әлек болыпты.

Галина Сергеева – «Береке» ықшам ауданының тұрғыны:

– Су шамамен 45 см-ге дейін жетті. Үйімнің асты суға толды. Мамандар келіп көмектесті. Бірақ, су әлі де бар сияқты.

Ал Украйнская 254 мекен жайының тұрғындарының жағдайы тіптен нашар. Сәрсенбіден бері баспаналарындағы су тобықтан асқан. Светлана Исаева екі бөлмелі мына пәтерде қызы және екі айлық егіз немерелерімен тұрады. Бірақ, зейнеткер жақындарын жалдамалы пәтерге көшіруге мәжбүр болған.

Светлана Исаева – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

 

– Менің бүйрегім ауырады. Өзім міне, суық, дымқыл жерде түнеп жүрмін. Барлық заттарды көтеріп қойдым. Тоңазытқышым сынып қалды. Енді не қыламын. Өткен жылы ғана үйімізге жөндеу жұмыстарын жасадық. Тек еденді көтеріп үлгермедік. Мұндай жағдай бізде бірінші рет болып тұр. Бала-шағаны уақытша көшіруге тура келді. Одан басқа амал жоқ.

Айту керек, бүгінде облысымызда суды сорып шығару жұмыстарымен 47 техника мен 220 маман айналысуда.

Айгерим Ержанова