МТРА жаңалықтары

СҚО-да кәсіпорындарда сапа менеджментін енгізу туралы семинар өтті

Қазіргі таңда өңірде 20-мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі болса, соның тек 114-де ғана бұл жүйе бар екен. Ал Елбасының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлердің барлығы да өз кәсіпорындарында сапа менеджментін енгізулері қажет. Бұл туралы Ұлт жоспарының – 100-ші қадамында айтылған.

Василий Чепухин – СҚО бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы:

– Егер кәсіпорында сапа менеджменті енгізілген болса, онда ол халықаралық талаптарға сай жұмыс істейді деген сөз. Яғни, олар тұтынушы тарапқа барлық жағдай жасап, өз істерін сапалы түрде атқарады. Мекеме шығыс пен кірісті қатаң қадағалап, құжат түрінде растайды.


Өңір кәсіпкерлеріне арналған семинарды Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтының жетекші маманы Рымкеш Исина жүргізуде. Жиын барысында кәсіпорындарға халықаралық стандарттар бойынша екі сапа менеджментін енгізу жайы талқыланды.

Рымкеш Исина – РМК «ҚазСтИн» жетекші маманы, Астана қаласы:

– Біз кәсіпкерлерге экологиялық және тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менеджментін енгізуге кеңес береміз. Бүгінде елімізде экологиялық менеджментті қолдану Экологиялық Кодекс бойынша міндет етілген. Сонымен қатар, кедендік одақтың талаптарына сай тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менеджментін де енгізу қажет.

Бүгінгі семинарға қатысып отырған Иван Шпигоцкий “САЭМ Петропавл” ЖШС ішкі аудит тобының жетекшісі болып жұмыс істейді екен. Энергетикалық құрылғыларды жөндеумен айналысатын кәсіпорында сапа менеджменті 2013-ші жылы енгізіліпті. Айтуынша, мұндай жүйе әр өндіріс ошағына өте қажет.

Иван Шпигоцкий – “САЭМ Петропавл” ЖШС ішкі аудит тобының жетекшісі:

– Менің ойымша, бұл жүйе өте қажет. Тұтынушыларды қызықтыру үшін әр кәсіпорынға сапалы түрде жұмыс істеу керек. Егер тұтынушы болмаса өндіріс ошағы пайда таба алмай, тұралап қалады.

Сапа менеджменті елімізде 2 мыңға жуық кәсіпорында енгізілген.

 

Риат Шони