МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов шаһардың су басу қаупі жоғары деген аудандарын аралады

Қала әкімі Марат Тасмағанбетовтың сөзінше, маңайдағы көлшіктер көктемгі уақытта ғана емес, жауынды күндері де пайда болатын көрінеді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Бізде жобалық-сметалық құжат қазір дайын тұр. Жоспарда Украинский және Панфилов магистралді көшелерін биіктетіп, су ағатын арықтарды салуымыз қажет.

Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Біз жобалық-сметалық құжатты қарап шығайық. Еріген су қайда ағады?! Байқап тұрғанымдай, бұл жерде арықтар бар көрінеді.

Өңір жетекшісі жер үйдегі баспаналардың қаншасы су астында қалғандығын да сұрап білді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Шамамен 22 тұрғын үйдің ішіне су кіріп кетті. Бүгінде зардап шеккен баспаналарда су сору жұмыстары жүргізілуде. Қала бойынша 13 АЗ бөшкелері мен 10 мотопомпа ағын суды соруға жұмылдырылған. Осы күні жауапты мекемелерге тұрғындардан келіп түскен 290 өтініштің 263-і бойынша шаруаларды толығымен атқардық. Қалғандарына да көмек көрсетіледі.

Қаланың шетінде орналасқан Ойқала ауданындағы жағдай да мәз емес. Мұндағы тұрғындардан күн сайын еріген қар суының аулаға енгендігі жөнінде келіп түсетін қоңырауларда есеп жоқ.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов туындаған мәселенің жуық арада шешілетіндігін айтты. Ал шағын аудандағы Потанин көшесінде резеңке етіксіз жүру мүмкін емес.

Өңір жетекшісі Заречный кентіндегі жағдаймен де танысып шықты. Шаһарда орын алған төтенше жағдайға бірден-бір себеп – күннің тез жылынып кетуі. Аймақ басшысы мұны биыл қардың былтырғыға қарағанда 2-3 есе көп жауғандығымен түсіндірді.

Ал өңір аумағындағы жағдайға келер болсақ, қазір Тайынша ауданындағы Донецкое ауылының тұрғындарына қиын соғып тұр.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Біріншіден, еріген қар суының бағытын өзгерту үшін Тайынша-Чкалово тас жолын қазу керек. Бізге жеткен мәлімет бойынша ондағы баспана иелері қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Деңгейі 2 метрге жететін қызыл су егістік алқаптарынан келген.

Бүгінде 400 тұрғыны бар елді мекенге қатысты облыс басшылығы қажетті шараларды қолға алғандығын жеткізді.

 

Бақыт Сәдуақасов