МТРА жаңалықтары

Петропавлда оқушының қалтасынан ұялы телефонды қолды қылған ұры ұсталды

Бір сәтте бойжеткендердің қасына бейтаныс ер адам келген. Бұған мән бермеген қыздар сауда орнына қарай жүре береді. Алайда, аз уақыттан соң жанағы азамат байқатпастан Әсемгүлдің қалтасындағы жап-жаңа ұялы телефонды қолды қылып, қаша жөнелген.

Назерке  Молдахмет – Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

–  Біздің ойымызда еш нәрсе жоқ, әңгімелесіп келе жаттық. Осы жолда Әсемгүл қалтасынан ұялы телефонын алып, анасымен сөйлесті. Шамасы сол сәтте ұрының бізге көзі түскен.

Телефонынан айрылған Әсемгүл баукеспенің қашқан жолын байқап артынан қуған. Осы сәтте құрбысы тәртіп сақшыларына қоңырау шалып үлгеріпті. Біраз уақыттан кейін жолдын келесі жағынан полицейлер шығып ұрыны ұстаған.

Әсемгүл Мәжікеева – Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

–  Менің әкем – өрт сөндіруші. Бәлкім менің батыл іс-әрекетім осының айғағы болар. Мен болашақта заңгер мамандығын тәмамдап, полицей болып қызмет еткім келеді.

Кейін анықталғандай қыздардың көмегімен қолға түскен баукеспе бұрын жасаған ұрлығы үшін істі болыпты.

Әлнұр Ахмедьяров, Петропавл қалалық ІІБ №1 полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Қыздардың қырағылығы мен батылдықтарының арқасында ұры 5 минуттың ішінде қолға түсті. Баукеспені тінткенде одан тағы да ұрланған ұялы телефон тәркіленді.

Қазір аталған факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Култанов Байболат