Спорт

Петропавлда көркем гимнастикадан облыстық ашық чемпионат бастау алды

Ақнұр Жұманбай – жарысқа қатысушы, Ақтау қаласы:

-Мен Ақтау қаласынан келдім. Жарысқа жақсы дайындалдым. Менің қарсыластарымның барлығы мықты. Алайда, жеңіске жетуге тырысамын.

Жарыстың алғашқы күні гимнастшылар еркін бағдарламада өнер көрсетті. Мұнда бағын сынағандардың бірі – Самира Умарова. Шығыс әуенінің ырғағына билеген жеткіншек көрермендерді өзінің шеберлігімен тәнті ете білді. Спортшы қыз ортаға шыққанда аздап қобалжығанын да жасырмайды.

Самира Умарова – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

-Мен билеуді өте жақсы көремін. Жаңа өнер көрсеткен кезде аздап қорқып қалдым. Жарыста үшінші орын алатын сияқтымын.

Жалпы, дода екі күнге жалғаспақ. Ертең жеткіншектер жас шамаларына қарай түрлі спорттық құралдармен де бақтарын сынайды. Олардың өнерлерін қырағы қазылар бағаламақ. Мәселен, “D” үстеліне жайғасқан төрешілер спортшының техникасын бағаласа, “Е” белгісі барлары жұмыстың орындалуына баса мән береді.

Наталья Черноморец – жарыстың бас төрешісі:

-Бұл жарыс Петропавлда жыл сайын өткізіледі. Биыл додаға еліміздің 5 қаласы мен Ресейдің Омбы шаһарынан 100-ден аса жас спортшы қатысуда. Әзірге, үздіктер анықталған жоқ. Ертең гимнастшылар секіргіш, шеңбер, допты пайдалану арқылы бақтарын сынайды. Мықтылар сол кезде белгілі болмақ. Оларға сайыста өнер көрсетуге 1 жарым минут уақыт беріледі.

Жарыс соңында үздік гимнастшылар медаль, грамота және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталмақ.

 

 

Култанов Байболат