Спорт

СҚО-да “Мен чемпион” жобасының екінші маусымы бастау алды

Александр Науменко – “Стрела” командасының капитаны, Петропавл қаласы:

-Сабаққа дейін де, кейін де шынықтық. Демалыс уақытында да біраз дайындалдық.

Кейбір балалар бұл ойынға екінші мәрте қатысуда. Ал жобаның жаңа қатысушылары алдыңғы чемпиондардан бағыт-бағдар алуда.

Бекзат Бекжанов – “Виктория” командасының капитаны, Айыртау ауданы:

-Алдыңғы ойынға қатысқандар бізге сәттілік тілеп, алдағы уақытта кездесетін қиындықтар туралы айтты. Капитандар өз командаларын жеңіске жетелейтін адам екендігін түсіндірді. Енді бар күшімді саламын.

«Мен чемпион» бағдарламасының бұл маусымына барлығы 10 мыңға жуық солтүстікқазақстандық оқушы қатысты. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда екі есе көп. Жоба алғашқы эфирге шыққаннан-ақ, өз көрерменін тауып үлгерді. Айта кеткен жөн, ойындарда төрешілік ететін қазылар алқасының құрамы да еш өзгеріссіз қалған.

Михаил Дедов – жарыстың бас төрешісі:

-Мұндағы атмосфера өте тамаша. Сол себепті, төрешілер командасы еш өзгеріссіз, баяғы құрамда қалдық. Біз биыл да қуана-қуана жұмыс істейміз.

Ойынның басты кейіпкерлері – міне, мына оқушылар. Бүгін олар өздерін жұлдыз сезіне алады. Өйткені, жанкүйерлерге лық толы зал оларды қошеметке бөлеп, бар ықыластарымен қарсы алуда.

Мына ойында жылдам жүгіріп, теннис добын дәл нысанаға тигізу керек.
Бірақ, бір ырғаққа түсіп, ойынның шартын бұзбай жеңімпаз атану – барлығының қолынан келе бермейтін іс.

Бұл жолы ұйымдастырушылар жобаға сәл өзгерістер енгізген. Әр ойынның жеңімпаз командасына қосымша секундар беріледі. Бұл уақытты олар финалдық эстафетада пайдалана алады. Осылайша, оқушылардың бойында жеңіске деген талпыныс бағдарлама соңына дейін сақталып қалмақ.

Евгений Сазанов – «Мен чемпион» жобасының авторы, МТРА директоры:

-Маусым айында мұнда облыстық финалдың жеңімпаздары келеді. Біз республикалық ойынның түсірілімін бастаймыз. Жобаның дәл біздің өңірімізде бастау алғандығы қуантады.

Жобаның алғашқы маусымына көрермен өз бағасын берді. Бір жылдан соң облыстық бағдарлама республикалық деңгейге дейін көтерілді. Биыл бұл ойынның іріктеу кезеңіне 120 мың қазақстандық оқушы қатысты. Ал жазда нағыз чемпионның есімі белгілі болмақ.

 

 

Айгерим Ержанова