МТРА жаңалықтары

Социалистік Еңбек ері, Ленин орденінің 2 мәрте иегері Мағауия Алазов 80 жасқа толды

Ол 1936 жылы бұрынғы Ленин ауданы қазіргі Аққайың ауданының Үшқызыл ауылында дүниеге келген. Әкесі 41-ші жылы әскер қатарына шақырылғандықтан, отбасының бар ауыртпалығы ағамызға жүктелсе керек. Еңбек жолын Новоникольск совхозында бастаған екен. Тың игеруге де қатысыпты. Осылайша, механизатор қызметінде 36 жыл еңбек еткен Мағауия аға 92 жылы зейнет демалысына шыққан.

Мағауия Алазов – Социалистік Еңбек ері

– 1977 жылдан бастап К-700 келе бастады. Комбайнды да жүргіздім. Ол кезде және механизаторлар аз болатын. Дала басында айлап жүретінбіз. Жауыны бар, суығы бар дегендей. Ал қазір жоғарыөнімді техникаларды шығарып жатыр.

Облыстың құрметті азаматы Болат Сағындықов талай жыл техниканың құлағында ойнаған механизатор Мағауия Алазовпен 72-ші жылдан бері таныс. Айтуынша, мерейтой иесі қашанда өз ортасында сыйлы, жұмыста жауапкершілігімен танылған екен.

Болат Сағындықов – СҚО құрметті азаматы:

– Бала кезінен механизатор болып жұмыс істеді. Қай жерде істесе де, қандай қызмет атқарса да абыроймен атқарған. Жалпы ел құрметіне бөленген, көпке сыйлы азамат.

Бүгінде Мағауия ақсақал 8 баласынан 11 немере мен 2 шөбере сүйіп отыр.

 

Бакыт Садуакасов