Мәдениет

“Ұлыстың Ұлы күні” мерекесі қарсаңында СҚО тарихи-өлкетану мұражайындағылар кішкентайларға қызықты шара ұйымдастыруда

Өзге айтулы даталар сияқты Наурыз мерекесін тойлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Оның бәрін ұйымдастырушылар балаларға ойын түрінде жеткізуде. Балақайлар мұнда құрақ көрпе, торсық, қылыштың қандай болатынын өз көзімен көрді. Осылайша, қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық ойындарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Айнұр Ахметова – облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсия жетекшісі:

-Балаларға асық, тоғыз құмалақ ойындарын үйретеміз. Осы арқылы қазақ халқының ұлттық ойындарын жастар арасында кеңінен насихатамақпыз.

Осы жерде балғындарға қазақ ертегілерінің желісі негізінде құрылған қойылым көрсетілді. Онда Наурызбай батыр мейірімді, ақкөңіл Кенжекейді жалмауыз кемпірден құтқарады-мыс. Осы арқылы ұйымдастырушылар
кішкентай қонақтарға адамдар арасындағы достықтың барын дәлелдеуге тырысты.

Наурыз мерекесіне арналған бұл шара осы айдың 19-ына дейін жалғасады. Мұражай қызметкерлері күн сайын балаларды 6 топтан қабылдайды. Олардың арасында қазақ және орыс тілді балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары бар.

Берік Қасен