МТРА жаңалықтары

Петропавлда жолаушы тасымалдайтын қоғамдық мекеме басшыларымен кездесу өтті

Жыл басынан облыс аумағындағы тас жолдарда 27 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, апат салдарынан 8 адам қаза тапқан. Тағы 38-і түрлі дене жарақаттарын алыпты. Орын алған апаттардың дені жылдамдықты шамадан тыс асыру мен көше қиылыстарындағы ережелерді бұзу салдарынан орын алатын көрінеді.

Жиында заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын көлік иелерінің қызметіне тосқауыл қою жайы да сөз етілді. Қазіргі уақытта өңірдің тәртіп сақшылары мемлекетке тиісті салығын төлемей, заңсыз кәсібін қыздырып жүрген такси жүргізушілерін анықтауды қолға алған. Отырыс соңында полицейлер автобус парктері, такси мен қоғамдық көлік жүргізушілерін толғандырып жүрген сауалдарына жауап берді.

Әліш Жұмағұлов – СҚО ІІД ЖПҚ бөлім бастығы:

-Жергілікті полиция қызметі қоғамдық көлікте немесе жеке көлікпен жолаушы тасымалдайтын жүргізушілермен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Тас жолдар мен қала көшелерінде орын алатын жол-көлік апаттары көп жағдайда жүргізушілердің салғырттығынан туындап жатады. Кей темір тұлпар иелері әлі күнге дейін жол қозғалысы ережелеріндегі өзгерістерді толық білмей жатады. Бүгінгі жиында осы сұрақтарды бірлесе талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырмақпыз.

 

Бакыт Садуакасов