Спорт

“Құлагер” ХК шайбалы хоккейден ел біріншілігінің жартылай финалына жолдама алды

Осылайша теріскейлік ұжым чемпионатың жартылай финалына жолдама алды. Естеріңізге сала кетсек, қос құрама арасындағы алғашқы екі матчта солтүстікқазақстандықтар қарсыластан басым түскен болатын. Ал, сырт алаңда өтетін бәсекеде құлагерліктер жеңіске жетсе бірден жарыстың келесі кезеңіне өту мүмкіндігі болатын. Осы себепті, спортшыларымыз кездесудің бірінші минуттарынан-ақ алға ұмтылып, есеп ашудың амалдарына кірісті. Алайда, теміртаулықтар қонақтардың көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. Ойындағы алғашқы гол тек екінші периодта салынды. Қарсылас команданың ойыншысы Иван Рыбчик құлагерлік қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланып, шайба авторы атанды. Кейін, бұл ойын бөлігінде таблодағы есеп өзгермеді. Ал, соңғы жиырма минуттықта жеңістің ауылы мүлде алыстағанын сезген теріскейлік жігіттер биіктен көріне білді. Алдымен, шабуылшы Антон Дубинин таразы басын теңестірді. Бұдан соң Кирилл Елагин мен әріптесі Максим Волковтар бір-бірден шайба салып, есепті еселей түсті. Соңғы голды өз еншісіне Ильгиз Нуриев жазып, матчтың нүктесін қойды. Сонымен есеп: 1 де 4 – жеңіс жерлестеріміздің пайдасында. Енді “Құлагер” ХК ел біріншілігінің 1/2 финалында атыраулық “Бейбарыспен” күш сынасатын болады. Қос құрама арасындағы бірінші ойындар наурыз айының 15-і мен 16-сы күндері Жайық жағасында өтеді.

Култанов Байболат