МТРА жаңалықтары

Наурыздың 20-сы СҚО-да 929 сайлау комиссиясы жұмыс істейді

Наурыздың 20-сы күні ел тұрғындары ҚР-сы Парламентінің төменгі палатасы мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін дауыс береді. Бұл саяси науқаннан солтүстікқазақстандықтар да шет қалмақ емес. Мәселен, 19-шы шағын ауданның тұрғындары өз таңдауларын жасауға дайын. Олар болашақ депутаттарға үлкен үміт артып отыр.

–  Депутаттар сайлауына отбасымызбен бірге барамыз. Бұл – біздің азаматтық парызымыз. Бірақ, әзірге кім үшін дауыс беретінімізді шешкен жоқпыз.

– Сайланатын жаңа депутаттардан жаңа жетістіктер күтеміз. Мысалы, біздің 19-шы шағын ауданда балабақшалар мен бүлдіршіндерге арналған шағын ойын-сауық орталықтары болса екен дейміз

– Мен кімге дауыс беретінімді шешіп қойғанмын. Бұл – біз үшін өте маңызды шара. Өйткені, халық қалаулыларының көмегімен біраз шаруа тындырылады.

Ал Жұмысшы кентінің тұрғындары болса жаңадан сайланатын депутаттардың назарын абаттандыру мен әлеуметтік салаға аударту қажет дейді.

–  Бізде ең өзекті проблема, бұл – жол мәселесі. Асфальт шұрық-тесік, көлікпен жүру мүмкін емес. Бос ғимараттарды да қолданысқа берсе ғой.

 

– Негізі бәріне көңілім толады. Көшеде жарық бар. Суымыз да тартылған. Тек балабақшалар саны артса екен.

Жалпы, наурыздың 20-сы өңірде 929 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Бұл күні олар 390 мың адамды қабылдауды жоспарлап отыр.

Айгерим Ержанова