МТРА жаңалықтары

Петропавлда республикалық “Дені сау ұлт – спорттық Қазақстан” акциясы аяқталды

Шаңғыларын сайысқа сайлап келгендердің қатарында мемлекеттік қызметкерлер мен ерікті жандарда да бар. Оларды ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтап, жарыста сәттілік тіледі.

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары:

– Мен бүгін республикалық “Дені сау Ұлт – спорттық Қазақстан” акциясына белсене қатысқан сіздердің барлықтарыңызға алғысымды білдіремін. Елімізде, сонымен қатар біздің өңірде тұрақты түрде спортпен айналысатын тұрғындардың қатары артуда. Бұл әрине көңіл қуантады. Осы сәтті пайдалана отырып жарыс жолына шыққалы тұрған нәзік жандыларды 8-наурыз Халықарылық Әйелдер күнімен құттықтаймын.

Осыдан соң жарыс жолына мемлекеттік қызметкерлер, ҚХА мүшелері мен қаламыздағы бірқатар білім ордаларының ұстаздары шықты. Олар 800 метрді еңсеріп мәре сызығын кесті. Кейін кезек нәзік жандыларға берілді. Әйелдер қауымы сайыста өзара күш сынасып, доданың соңына дейін қызықты тартыс ұйымдастырды. Марафонның соңғы кезеңі ерлердің арасында өтті. Мұнда жастар мен қатар иық теңестіріп бақтарын сынаған ардагерлердің қатары көп болды. Солардың бірі – шаңғы спортынан еліміздің 25 дүркін жеңімпазы Александр Наумов. Білікті спортшы дәл осындай жарыстардың ешбірінен қалыс қалмайды екен.

Александр Наумов – жарысқа қатысушы:


–  Бүгінгі жарыс біздер үшін үлкен мереке. Осы жерде бір мезгіл шаңғы теуіп, бойымызды жазамыз. Сондықтан марафонға біріміз қалмай қатысуымыз қажет. Ауа райы да жақсы болып тұр.

Жалпы елімізде “Дені сау ұлт – спорттық Қазақстан” акциясы ақпан айы бойы өткен еді. Осы уақытта қаламызда қысқы спорт түрлерінен 40-қа жуық іс-шара ұйымдастырылыпты.

Сергей Пермин – жарыстың бас төрешісі:


–  Бүгін акцияның соңғы сайысы өткізіліп отыр. Оған 500-ден аса шаңғышы қатысуда. Жалпы айлық аясында әртүрлі спорт түрлерінен бірнеше сайыстар ұйымдастырылды.

Жарыс соңында марафонда үздік нәтиже көрсеткендер марапатталды.

Култанов Байболат