Энергетика

Петропавлда энергия үнемдеуге қатысты семинар өтті

Ерлан Боқаев – Мемлекеттік энергетикалық тізілім жинау және деректерді өңдеу орталығы директорының орынбасары, Астана қаласы:

-Энергияны үнемдеу және оның тиімділігін арттыру бойынша СҚО-ның көрсеткіші жақсы. Бүгінде ол 15-40%-ды құрайды. Бұл ретте көбіне үлкен кәсіпорындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандар жұмыс атқаруда.

Айта кеткен жөн, өткен жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру» Заңына біршама өзгертулер енгізілген. Бұл құжатта басымдық энергоаудит өткізуге беріліпті.

Спартак Есембеков – СҚО бойынша мемлекеттік энергетикалық тізілім жинау және деректерді өңдеу орталығының бас менеджері:

-Сәуірдің біріне дейін барлық мекемелер қай уақытта қанша электр қуатын пайдаланғанын немесе үнемдегені туралы қағаз жүзінде ақпарат берулері тиіс. Біздің облысымызда бұл жұмыс баяу жүруде. Наурыздың біріне дейін тиісті құжатты 495 субьектінің ішінде 43-і ғана тапсырды. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша, кейбіреуі тіпті салық төлеуден бас тартқан. Олар әкімшілік жазаға тартылды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев өңірде энергия үнемдеу үрдісінің қалай жүріп жатқандығы туралы баяндады. Бұл ретте ол пиролизді қазандықтар шығаратын жергілікті «Сапронат» компаниясын мысалға келтірді. Бүгінде бұл кәсіпорынның өнімі Аққайың ауданындағы бірнеше мектепте орнатылған. Құрылғылар энергияны үнемдеуде өз тиімділігін көрсетуде.
Ал №3-ші қалалық емханада электр қуатын көп шығындамас үшін арнайы шамдар орнатылып жатыр екен.

Қыдырмы Қоқышев – №3-ші қалалық емхана бас дәрігерінің шаруашылық жөніндегі орынбасары:

-Біздің 3-ші емхана да үнемдеуге атсалысуда. 2015 жылдың соңында біз диотты шамдарды орната бастадық. Биыл бұл жұмысты толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл үнемдеудің бір жолы.

Жиын соңында мамандар Германия, Франция, Корея мемлекеттерінен қуат көзін үнемдеуді үйренуге кеңес берді.

 

 

Айгерим Ержанова