Спорт

Петропавлда ұлттық спорт түрлерінен облыстық чемпионат өтті

Бұл сында 12 жасар Дәулеткерей 38 келі салмақ дәрежесінде қарсыласын жамбасқа алып иіре лақтырып, жеңімпаз атанды.

Дәулеткерей Ермекұлы – палуан, Шал ақын ауданы:

-Күрес жақсы өтті. Қарсыласым мен сияқты мықты екен. Бірақ та, мен оны жығып кеттім. Жалпы, менде бір арман бар, ол – “Қазақстан барысына” қатысу.

Ал, мына жерде қазақ ұлтының көшпелі өркениетіндегі ақыл-ойды дамытатын спорт түрі – тоғыз құмалақ сайысы өтуде. Бұған 40 жасөспірім қатысуда. Ойын ережесі бойынша қатысушыларға 1 сағат беріледі. Бұл додада 11 жасар Санжар Иманов 25 минуттың ішінде 82 құмалақ жинап, жеңіске жетті.

Санжар Иманов – № 8 Эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің оқушысы:

-Бұл ойында, қарсыласым әлсіз болды. Сасқалақтап, көп ағаттық жіберді. Мен оны уақытында байқап, ұтымды сәттерді жақсы пайдаландым.

Асық балалар арасында кең тараған ұлттық ойындардың бірі. Ширақтық пен мергендікке үйрететін асық ату және бес тас ойынына 20 жасөспірім қатысты. Жалпы, 1 күнге жалғасқан облыстық чемпионатта алтыннан алқа тағынған спортшылар республикалық сайыстарда бағын сынауға мүмкіндік алады.

 

 

Сагыныш Маркашева