Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көктемгі дала жұмыстарына ерте бастан қамдану қажет

Биыл жергілікті агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттарына қыруар қаражат пен 65 мың тонна жанар-жағармай, дизелдік отын бөлінді. Сұйық отынның бір литрінің құны нарықтағы бағадан төмен болады деді әкімдіктегілер. Енді білек сыбанып, маңызды науқанға ерте бастан қамдану қажет.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Ерте бастан қаржы ұйымдарымен келісім-шартқа тұрып, машина-техника паркін жаңартыңдар. Сол үшін мен бүгін қаржы ұйымдарын шақыртым. Биыл көктемгі дала жұмыстарына 44 мыңға жуық адам тартылады деп күтілуде. Қызметкерлерге жұмысына сай лайықты жалақы төлеу қажет. Бүгінгі жиында тұқым сұрыптары мен технологиялар жайлы сөз қозғаймыз. Ғалымдардың ұсынысы бойынша жұмыс істеңдер.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың өз баяндамасында 10 шақты серіктестік басшыларының жерлерді тиімді пайдаланбай жатқандығын айтты. Кейбірі, тіпті жылда гектарынан 3 центнер ғана өнім алатын көрінеді.

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-СП Трансавто, Богви және Баско серіктестіктері жерді тиімсіз пайдалануда. Олар жылда гектарынан 9 центнер ғана өнім алады. Тыңайтқыштарды қолданбайды, тұқымдарының сапасы нашар. Зиянкестермен күрес шараларын жүргізбейді. Техникаларының бәрі ескі. Сондықтан, біз жерді тәркілеп, оны мемлкетке қайтармақшымыз. Бүгінде 64 мың гектар алқап мемлекетке қайтарылды. Облыс аумағында 99 мың гектар жер тиімсіз пайдаланылуда. Қазір оған қатысты істер сот қарауында жатыр.

Үстіміздегі жылы 4,4 млн гектар жерге егін себілмек. Мамандардың айтуынша, биыл М.Жұмабаев, Шал ақын, Жамбыл, Қызылжар аудандарында ылғал жеткілікті. Тек соны көктемгі дала жұмыстарына дейін дұрыс сақтап қалу маңызды. Және осы жылы аграрийлер кеш пісіп жетілетін тұқым сұрыптарының үлесін азайтып, ерте пісетін бидай сұрыптарына басымдық берулері қажет. Қазірдің өзінде облысымызға 5 мың тонна тұқым әкелінді. Алайда, тыңайтқыштарға аз тапсырыс беріліпті. Ғалымдар тыңайтқышты көп алу керек, себебі өнім шығымдылығының 50 пайызы соған байланысты дейді.

Жексенбай Қасқарбаев – А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры:

-Биыл майлы дақылдар мен бұршақты көптеп өсіруге болады. Өйткені, оның бағасы жақсы. Жем-азықты арзанға сатуға тырысыңдар. Сонда еттің де бағасы қолжетімді болады. Биыл көп жылдық шөпті көбірек отырғызыңдар. Жылда өнімнің 30-40 пайызы аурулар мен зиянкестердің кесірінен жоғалтып аламыз. Сондықтан, осыған да баса мән берген жөн.

Жиында ауа райын болжаушы мамандардың да пікірі тыңдалды. Олар егін себу науқанын мамырдың соңына дейін аяқтау керек деп отыр. Осы уақыт жер емген шаруа үшін тиімді болмақ.

Берік Қасен