Білім

Н.Крупская атындағы 10-шы орта мектепке – 40 жыл

Бүгінде мектепте 900-ге жуық ұл-қыз тәрбие алуда. Бірінші сыныпта оқитын балдырғандар да алтын ұяларын мерейтойымен құттықтап жатыр.

-Мектебімді жақсы көремін. Ұстаздарымыз да жақсы. Бізге көп нәрсені үйретеді.

-Мен сабағымды 5-ке оқимын. Біздің оқушылар менікіндей бірыңғай сұр форма киеді. Маған ұнайды. Мектебімді мерейтойымен құттықтаймын.

Ал, Татьяна Соловьеваның ұстаздық еткеніне биыл дәл 40 жыл екен. Оның 23 жылын Н.Крупская атындағы 10-шы орта мектепте өткізген. Математика пәнінің мұғалімі биыл зейнет демалысына осы жерден шықпақшы.

Татьяна Соловьева, Н.Крупская атындағы №10 орта мектептің математика пәні мұғалімі:

-1992 жылы алғаш осы мектепке мұғалім болып келгенім әлі есімде. Ол кезде мектепте 2000-нан артық бала оқитын. Бір алтыншы сыныптың ғана оны болды. Маған 6-шы «И» сыныбы тиді. Содан бүгінге дейін балаларым көп жетістікке жетті. Алдыңғы жылы бір оқушым ҰТБ-де 125 баллдың барлығын жинады.

Қазір мұнда 67 мұғалім жұмыс істейді. 2010 жылы мектеп жанынан ашылған шағын орталықта 100 балақай тәрбие алуда.

Татьяна Анцибор, Н.Крупская атындағы №10 орта мектептің директоры:

-Біздің мектебіміз Петропавлдағы алдыңғы қатарлы білім ұяларының бірі деп айтуға болады. Мұғалімдердің 60 пайыздан артығы – жоғары категориялы мамандар. Мектептің тізгіні менің қолыма 2013 жылы тиді. Бұл уақытта оқу ошағымыз Республикадағы 100 үздік мектептің қатарына, Облыстағы 10 үздік мектептің ішіне кірді.

Бүгінгі мерейтойға түлектер, зейнеткер ұстаздар, бұрынғы мектеп директорлары жиналды. Олардың барлығы үлкен өмірге қанат қақтырған қара шаңырақтарына ізгі тілектерін білідіріп жатты.

 

 

Акбопе Танирберген