Спорт

Теріскейлік шаңғымен бағдарлаушылар ел кубогынан жүлделі оралды

Доданың алғашқы күні жерлесіміз орта қашықтықта бақ сынап, күміспен күптелген екен. Ал, жақын және ұзақ аралыққа шаңғымен жүгіруде жеңімпаз атанған.

Аслан Тоқбаев – шаңғымен бағдарлау спортынан ел кубогының жеңімпазы:

– 12 жасымнан бастап шаңғымен бағдарлау спортымен айналысамын. Содан бері 5 бірдей әлем чемпионатына қатысып, Азия біріншілігінде жеңімпаз атандым. Алматыда өткен жарыс өзіме аса қиындық тудырған жоқ. Қарсыластарымның барлығы таныс болғандықтан жеңіске жету оңай болды.

Шаңғымен бағдарлау спортынан жарыстар елімізде 63-ші жылдан бастап ұйымдастырылады. Бұл бәсеке түрінің ерекшелігі – спортшылар сайыста карта және компастың көмегімен бақ сынайды. Яғни, олардың әрбірі қағаз бетіндегі сызбалардан қажетті пункттерді тауып, белгіленген жерге жылдам жетулері қажет. Нәтижесінде споршылардың додада көрсеткен уақыттарына байланысты ұпайлар беріледі.

Юрий Чуприков – шаңғымен бағдарлау спортынан облыс құрамасының бас жаттықтырушысы:

– Шаңғымен бағдарлау жарысында адамға шапшаңдық қажет. Сонымен қатар картадан белгіленген жерді жылдам тауып, оған жететін қысқа жолды анықтай білуі керек. Біздің спортшылар Алматы да сәтті өнер көрсетті. Олардың жеңісіне қуаныштымын.

Жалпы, Алматы қаласында ұйымдастырылған ел кубогында жерлестеріміз 9 медальды иеленіпті. Енді олар наурыз айының басында Петропавлда өтетін ел біріншілігіне дайындалуда.

 

Култанов Байболат