Спорт

“Құлагер” ХК шайбалы хоккейден ел біріншілігінің тұрақты чемпионатын үшінші орында аяқтады

Жерлестеріміз чемпионатта 54 кездесу өткізіп, оның 32-інде жеңімпаз атанған. Жалпы биылғы маусымда петропавлдықтар 176 гол соқса, өз қақпаларына 141 шайба жіберіп алған екен. Енді турнирлік кестеде үшінші орынға тұрақтаған теріскейліктер плэй-офф кезеңінде 88 ұпаймен алтыншы орынды иемденген “Теміртау” хоккей клубымен ойнайтын болады. Қос құрама арасындағы алғашқы екі ойын наурыздың 2-сі мен 3-і күндері Петропавлдағы Спорт сарайында өтеді. Ал жерлестеріміз бұл маусымдағы өздерінің соңғы кездесуін ақпанның 24-і күні түзде Алматы командасына қарсы өткізген болатын. Кеше өткен қарымта кездесуде солтүстікқазақстандық хоккейшілер айдын иелеріне 3-2 есебімен есе жіберді. Бұл матча теріскейліктердің сапынан Игорь Валеев пен Иван Иванов ерекшеленсе, алматылықтардан Андрей Огородников, Илья Степичев және Александр Трофимов ерледі.

 

Риат Шони