МТРА жаңалықтары

Петропавлда балалар киімі шығарыла бастады

Әмірхан Мейрам

 

– Бұл куртка өте жеңіл, әрі жылы. Сонымен қатар әдемі. Бұндай куртка сыныбымда ешкімде жоқ.

Қасеновтар отбасында 4 бала бар. Барлығын киіндіру қомақты қаржыны талап етеді. Сол себепті, Әмірханның ата-анасы киімнің арзан, бірақ сапалы болуына баса назар аударады.

Абзал Қасенов – Әмірханның әкесі

– Әр ата-ана өз баласының жылы киініп жүргенін қалайды. Бұл куртканың бағасы арзан, сапасы жақсы. Сатып алғаннан бері жуып та көрдік. Өңі қашқан жоқ. Енді көктемге арнап баламызға осы «Irby style» брендінің плащын алмақшымыз.

Бұндай сәнді курткаларды Петропавлдағы “Прогресс” тігін фабрикасы шығарады. Кәсіпорын тауарлары өңірде, тіпті Алматы қаласында, Ресейдің Челябі және Мәскеу облыстарында да үлкен сұранысқа ие. Дәл қазір мұндағылар атыраулықтардың тапсырысын орындау үстінде.

Наталья Посохина – “Прогресс” тігін фабрикасы директорының орынбасары

– Жыл басталғалы бізге 22-ге жуық үлгіге 3 рет тапсырыс келіп түсті. Барлығын мерзімінде орындадық. Жалпы тауарларымыздың барлығы сертификатталған. Маталарды біз Ресей және Түркиядан алдыртамыз. Өндіріс ошағымызға әлі де болса білікті тігіншілер керек. Егер де жұмысқа келген қызметкердің арнайы білімі болмаса, тәжірибе жинақтауына күш саламыз.

Жалпы тігін фабрикасындағы барлық үрдіс эксперименталды цехтан бастау алады. Дәл қазір Дарья Вахина кезекті куртканың сызбаүлгісін әзірлеуде. Жалпы бір тауарды әзірлеу үшін 24 сағат уақыт кетеді екен.

Дарья Вахина – “Прогресс” тігін фабрикасының сызбаүлгішісі

– Өнімнің пішінін, түр-түсін дизайнерлер әзірлейді. Барлығын заманауи үлгіде жасайды. Жалпы кіші жастағы балаларға арналған киімді дайындау қиын. Барлық бөлшектеріне баса назар аудару қажет. Қалталары көп.

Жалпы тігін фабрикасы «Irby style» брендімен балаларға арналған киімдерді тігуді былтырдан қолға алып, биыл саудалай бастаған. Әзірге, тауарларды интернет-дүкендерден тапсырыс беріп қана алуға болады. Өнімнің 160-қа жуық түрімен кәсіпорынның сайтында танысуға болады. Мұнда 3 пен 14 жастағы балаларға арналған киімдер бар.

–  Фабрика тігетін киімдердің түрі сан алуан. Кішкентай пиджактардан бастап курткаларға дейін. Бастысы балалардың барлық маусымына арналған. Ал мынау кәсіпорынның алғашқы өнімі.

Қазіргі таңда өндіріс ошағында 130 тігінші жұмыс істейді. Солардың бірі – Мақсат Тәнібаев. Бұл салада оның 3 жылдай еңбек өтілі бар. Осы уақыт аралығында ине мен жіпке қолдарым жаттықты дейді ол.

Мақсат Тәнібаев- “Прогресс” тігін фабрикасының тігіншісі

– Жалақымызды уақытылы беріліп тұрады. Бұрын әскери киімдер тігетінбіз. Қазір кішкентай балалардыкіне көштік. Әрине сәл қиындау. Себебі, барлық бөлшектері кішкентай, өлшемдері мен түстері әр түрлі. Барлығына да үйренуге болады.

Тігін фабрикасы алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлауда. Сонымен қатар мұндағылар ақпанның 23-і мен 26-сы аралығында Мәскеуде өтіп жатқан көрмеден үміт күтіп отыр. Ресей астанасына кәсіпорын директоры көктем мезгіліне арналған балалардың 70-ке жуық киім үлгісімен таныстырады.

 

Риат Шони