Спорт

Петропавлда мемлекеттік қызметкерлер шағын футболдан сынға түсті

Мұхтар Манкеев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Құрметті спорт сүйер қауым бүгін мемлекеттік қызметкерлер арасында шағын футболдан турнир өткізгелі отырмыз. Жарыстағы командалар 2 топқа бөлініп сынға түспекші. Жарты күннің ішінде жеңімпаз команданы анықтаймыз деп ойлаймын.

Бұдан кейін, көптен күткен футбол матчына да кезек келді. Ең алдымен ортаға «Даму» қоры» мен Кәсіпкерлер палатасының жігіттері шықты. Алғашқы тайм қанша тартысты өткенімен гол соғылмады.
Ал, келесі ойын бөлігі тіптен қызық басталды. Мұнда басымдықты бірден қолға алған көк жейдегі спортшылар есеп ашты.

Есепте алға шыққан «Даму» қорының футболшылары мықты екендерін соңғы минуттарда тағы да дәлелдеді. Қарсыластарының қателіктерін ұтымды пайдаланған жігіттер құрамадағы әріптестерімен пас алмасып екінші голды соқты. Сонымен есеп: 2:0. Жеңіс көк түсті жейдегі аяқдопшыларда.

Рахымбек Зейнуллин – жарысқа қатысушы:


–  Біз қарсылас қақпаға алғашқы голды екінші таймда ғана соқтық. Кәсіпкелер палатасының жігіттері футболды өте жақсы ойнайды.

Жалпы мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жарыс осы жылы алғаш рет өтіп отыр. Биылғы турнирді ұйымдастырушылар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнапты.

Қанат Мұхамеджанов – жарыстың бас төрешісі:

– Турнирдің маңыздылығы – салауатты салтын сақтау. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер арасында достық, әріптестік қарым-қатынас орнату.

Жарысқа жалпы саны 6 құрама қатысты. Осы командалардың арасынан Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының футболшылары мықты атанып, бірінші орынға ие болды. Жүлдегерлер грамота және кубоктармен марапатталды.

Култанов Байболат