Қоғам

Чернобыль апатына – 25 жыл

 

 

 

 

 Чернобыль апатында қаза тапқандардың құрметіне тұрғызылатын ескерткіштің алғашқы тасы «Қарасай» спорт кешенінің қарсысында қаланды. Облыс орталығының туған күніне орай бұл жерде 4 метрлік мәрмәр тастан соғылған монумент бой көтеріп, оны айнала саябақ ашылады. 5 млн теңге ескерткіш орнатуға қарастырылса, 3 млн. теңге айналасын абаттандыруға жұмсалмақ. Кеспе тас төселіп, орындықтар қойылады. Саябаққа сән келтіретін гүл, ағаш көшеттері отырғызылмақ.

 Юрий Лошкарёв, СҚО “Чернобыль одағы” мүгедектер ҚБ төрағасы:
– Біз монументтің  жылдар бойы тұруын қалаймыз.
Сондықтан жарияланған байқауға қатысқан жүздеген нұсқаның ең үздігін таңдадық. Ескерткіште ойылған сарбаздың жүзінде қайғылы оқиғаның мұңы көрініп тұр. Бұл бәрімізге ортақ. Гүл – сақтап қалған өмірлердің нышаны іспеттес. Оны жарған садақ оғы апаттың зардабы әлі жалғасып келе жатқанының  белгісі.  

Чернобыль апатынан бері ширек ғасыр отсе де оның зардабы халыққа әлі тиіп жатыр. Апаттың салдарын жойып, жапа шегушілерді құтқару операциясына 32 мыңнан астам Қазақстан азаматы қатысыпты. Бүгінде олардың тек 5 мыңы ғана жер басып жүр. Ал дәл сол апатты ауыздықтаған 2,5 мың солтүстікқазақстандықтың 430  ғана тірі. Көпшілігі мүгедек болып қалған. Өзгені өлім аузынан алып шығамын деп қаза тапқан жерлестерімізді туыстары мен апатқа қатысқандар 1 минуттық үнсіздікпен еске алып, болашақ ескерткіштің алғашқы тасына гүл шоқтарын қойды. Кейін қалалық мәдениет үйінде төтенше жағдайда ерлігімен танылған солтүстікқазақстандықтарды марапаттау рәсімі өтті.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
Біз сіздерді әрдайым қолдауға дайынбыз. Қалалық әкімдік өткен жылдың өзінде сіздерге әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 3 млн теңге қаражат бөлді. Жыл сайын сауықтыру орталықтарында ем аласыздар. Тегін жолсапар билеттері беріледі. Тұрғын үй мәселесін шешуде де жұмыстар атқарылып жатыр.  

Салтанатты жиында Чернобль апатында қайсарлығымен танылған 15 жерлесіміз “Ерлігі үшін” медальдармен марапатталды. Бұндай құрметке бөленгендердің арасында Арғын Жұмабеков та бар. 1986 жылы арнайы шұғыл әрекет ету полкында азаматтық борышын өтеп жүргенде Арғын не бары 19 жаста болатын. Содан бері талай уақыт өткенімен әр сәті есінде. Кесірін әлі татып жүрмін дейді.

  Арғын Жұмабеков,  СҚО “Чернобыль одағы”   ҚБ мүшесі:
Бізді тревогамен түнде көтеріп, Чернобыль жарылды деп жіберді. Былай қарасаң жаздың ортасы емес, күз сияқты болды. Бәрі құлап сарғайып кеткен. Ештеңе алып кетпесін деп қызмет атқардық. Денсаулығым бір күн жақсы, екі күн жаман. Өзім ауруханадан шықпаймын. Ол аурулар балаларыма да жұқты.  

Бұл күні сондай-ақ жиынның бас қаһармандарына естелік кеуде белгілері мен ҚР ТЖМ құрмет грамоталары табыс етілді. Қазақстан аумағында қатерлі қару 40 жыл бойы сыналып келгені білгілі, Семейдегі полигон осыдан 20 жыл бұрын ғана жабылды. Еліміздің шығысында сыналған қарудың кесірінен 1,5 млн. адам зардап шекті. Көреген ел басшысының бастауымен Қазақстан бірінші болып ядролық қарудан бас тартты. Кездесуде бұл шешімнің маңыздылығы да сөз болды. Салтанатты жиын өнер ұжымдары ұсынған концертке ұласты.

 Жеңіс Ермұқанов