МТРА жаңалықтары

Қаланың орталық көшесіндегі бүлінген мүсін

2013 жылы әлдекімдер қыздың қолындағы кітабын сындырып тастаған екен. Мүсінге бояу жаққандардың ісі қазір әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсуде. Петропавлдықтарды бұл уақытта қоғамдық тәртіптің сақшылары қайда қарап отырғаны алаңдатады. Қуыршақ қыздың жанынан әрлі-берлі өткен жұртшылық бұл көрініске қатысты өз реніштерін білдірді.

-Бұл мүлде жағымсыз қылық. Әдемі мүсінді бүлдіріп қойды.

-Бұны балалар істеген болуы керек. Ересектер ондайға бармайды.

Ал мынау – бейбітшіліктің нышаны – көгершінді қолына қондырған ұл мен қыздың мүсіні. “Настяның” қатарында орналасқан бұл скульптура да көріп тұрғандарыңыздай біраз зақымданған. Қалаға көрік берудің орнына көшенің сұрқын қашырып тұрған көрнекіліктер қашан жөнделмек?

Өмірбай Ибраев, Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің инспекторы:

-Қос бүлдіршіннің бейнесі ауа райының салдарынан зақымданған. Бүгін бірден жөндеу жұмыстарына кірсеміз. Мүсіндерді қалыпқа келтіретін боламыз.

Мүсінге бұзақылардың бояу жағып жатқанын дер кезінде байқамаған жергілікті полиция қызметі қазір ұсақ құқықбұзушылық жасаған адамды іздестіру үстінде.

Шәмшиден Ақышев, Петропавл қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:

-Бізге бұл туралы ақпарат кеше келіп түсті. Қазір бұзақы іздестірілу үстінде. Алдағы уақытта қаладағы барлық скульптураларды қатаң қадағалауымызға аламыз.

Вандализмге барған бұзақы қолға түссе 10 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, болмаса 10 тәулікке бас бостандығынан айырылады.

 

 

Акбопе Танирберген