МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болды

Саят Жақсылықов – «Гормолзавод» ЖШС директорының орынбасары, Көкшетау қаласы:

-Ағымды жылы жөндеу жұмыстарын жүргізбекпіз. Өткен жылы түгелдей шатырын жаңаладық. Мұнда тұрақты 30 адам еңбек етеді. Шет елден мамандарды алдыртпақпыз. Зауыттың қуаттылығы 120 тонна ірімшік пен 25 тонна май шығаруға жетеді.

Зауыт іске қосылысымен өңірді толықтай ірімшікпен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар.

Бұдан соң Ерік Сұлтанов 2015 жылдың тамызында ашылған “Балауса” шағын орталығының жұмысымен танысты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске қосылған мектепке дейінгі білім беру ошағы 50 балаға шақталған.

13 бірдей азаматты жұмыспен қамтып отырған шағын орталыққа аймақ басшысы дыбыс ұлғайтқыштарды сыйға тартты. Сонымен қатар, Ерік Сұлтанов құрылысы жүріп жатқан мейрамханаға да ат басын бұрды. «Машкин» жеке кәсіпкерлігі ескі ғимаратты жөндеп, қоғамдық тамақтану орнын ашпақ. Бұл нысан да биылғы жылы алғашқы келушілерін қабылдамақ. Облыс әкімі барған, тағы бір нысан «Инзадан» сауда-әкімшілік орталығы болды. 634 шаршы метр жерді алып жатқан орталықта сауда нүктелері мен кеңселер орналасқан. Кейін өңір басшысы аудан әкімінің есептік кездесуіне қатысты. 2015 жылы Айыртау ауданында құлан, сыбаға, алтын асық бағдарламалары 100 пайызға орындалыпты. 600 басқа арналған бордақылау алаңы ұйымдастырылған. Ал индустриаландыру картасы бойынша ағашты тереңдеп өңдейтін цех іске қосылыпты. Кәсіпкерлік саласында да тың қадамдар бар.

Аманбек Махметов – Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:

-Өткен жылы Бизнестің жол картасы 2020 бағдарламасы аясында 10 жоба іске асырылды. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту үшін 9,9 млн теңгенің өтініші мақұлданды. Гранттық қаржыландыру бойынша 1,5 млн теңге бөдене өсіру үшін бөлінді. Сондай-ақ Имантау ауылында 120 отбасы гүл өсіретін жылыжай ашты. Олар гүлдерді Астана, Алматы және еліміздің өзге де қалаларына саудалауда.

Аудан экономикасының дамуына туризм саласы да оң әсер етуде. Былтырғы жазда Айыртау жеріне 25 мың турист демалған. Ал, ауданның 2016 жылғы жоспарында 3 элеваторды тұрғызу, Сырымбет кен байыту комбинатының құрылысын бастау бар. Сондай-ақ, өңірлерді дамыту бойынша 37,8 млн теңгеге ауылдардың жолдары жөнделмек. Саумалкөлде жабық спорт кортын салу да жоспарланған.

Ерік Сұлтанов- Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-2015 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылық саласының жалпы ішкі өнімі 311,1 млрд теңгені құрады. Айыртау ауданының үлесі 9,3 пайызды немесе 28,9 млрд теңгені құрайды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға өсім байқалады. Бірақ, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту керек.

Бұдан соң, азаматтардың сұрақтары мен өтініштеріне кезек берілді. Қаратал ауылының тұрғыны Еркін Әлібеков жолдың жөнделуін сұрап, жазбаша өтініш жолдапты.

Ерік Сұлтанов- Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Аудан жолдарын жөндеу үшін 147 млн теңге бөлінді. 5 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткіземіз. Қалғанына ағымды жөндеу жасалады. Біз ескі материалды қайта өңдеу арқылы көп үнемдейміз. Бірақ, жолдың сапасына әсер етпейді.

Есептік кездесуге келген азаматтар арасында да сөз алғандар болды. Мәселен «Прекрасное» шаруа қожалығының басшысы Бахыт Құсайынов, “Сыбаға” бағдарламасы арқылы асыл тұқымды ірі қараны көбейту үшін көмек сұрады.

Ерік Сұлтанов- Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Асыл тұқымды ірі қараны алу үшін, барлық субсидиялар сақталды. Бір бас үшін 154 мың теңге, әрі жем шөп алу үшін де барлығы сол қалпында қалды. Өткен жылы аналық малға біз бір басы үшін 100 мың теңге деп есептегенбіз. Биыл соны асыл тұқымды малға енгізбекпіз. Ол үшін сіз 300 ірі қара алу керексіз.

Айтар болсақ, Прекрасное ауылында мектеп жоқ. Мұндағы шаруа қожалығы ескі білім ошағының ғимаратын жөндеп жатақхана ашқан. Электр жарығын тартып, сүт блогын салған. Енді пастерленген сүт шығаруды қолға алмақ.

Ерік Сұлтанов- Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Ауылыңыздың мәселесін тағы да қарастырамыз. Мектепті қайта ашсақ тіпті жақсы болар еді. Елімізде қазір өңірлерге көшіру бағдарламасы бар. Сол арқылы сіздерге де отбасыларды көшіруді қарастыру керек. Көктемгі жазғы дала жұмыстары кезінде сіздердің ауылдарыңызға барып, тағы бір талқылайтын боламыз.

2015 жылды қорытындылаған жиыннан кейін өңір жетекшісі ауданның кәсіпкерлерімен кездесіп, тыныс-тіршіліктерімен танысты.

 

 

Култанов Байболат