МТРА жаңалықтары

Бизнес қауымдастық өкілдері мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатпақ

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бiрiншi орынбасары:

-“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының жанында қоғамдық қабылдау бөлімі бар. Сіздер сол жерге келіп түйіні тарқатылмай жүрген мәселелеріңізді айта аласыздар. Ал мемлекеттік органдардың қызметкерлері сіздерге тегін кеңес береді. Егер аудандарда бизнесменнің ісі ілгері баспаса, осында аудан әкімдерінің орынбасарларын шақыртып, барынша көмек беруге тырысамыз.

Осы залға жиналған бизнес қауымдастық өкілдері биылғы сайлау науқанына белсенді қатыспақшы. Кейбіреуі депутатыққа өз кандидатурасын ұсынуды жоспарлауда. Артур Молдағұловтың айтуынша, бүгінде облыстық мәслихаттағы депутаттардың 30 пайызы – кәсіпкерлер. Алдағы уақытта олардың қатарындағы іскер азаматтардың үлесі 50 пайызға жетеді деген сенім білдірді. Себебі, бизнесмендердің жағдайын тек сол саланың мамандары түсінеді.

Лейла Сайдашева – “ViZaVi Company” ЖШС бас директоры:

 

-Бұрынғыға қарағанда қазір кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Бізге арнайы семинар-тренингтер, осындай дөңгелек үстел жиындарын жиі ұйымдастырып, қолдау білдіріп жатқандарыңызға алғысымды айтамын. Мен осындай іс-шаралардың арқасында өз ісіме қажетті біраз мағлұматтарға қанық болып жүрмін.

Осы жиында бірқатар студенттерге партиялық билеттер үлестірілді. Гүлнұр Жорабаева – болашақ педагог. Бойжеткен болашақта дефектолог мамандығын жақсы меңгермекші. Сөйтіп, тілі кеміс балалардың сөйлеуін түзесем деген арманы бар.
Осылайша “Нұр Отанның” мүшелігіндегі 45 мың 775 солтүстікқазастандықтың қатарын бүгін 9 жерлесіміз толықтырды.


Берік Қасен