Денсаулық сақтау

СҚО-да 19 адам доңыз тұмауын жұқтырған

Дмитрий Абрашкин, емделуші:

-Әлсіздене бердім, ыстығым көтеріліп кетті. Алда өмірімдегі ең маңызды ант қабылдау шарасы тұрғандықтан шыдауға тырыстым. Болмағандықтан, бөлімдегілер бірден ауруханаға жеткізді. Бірақ дене қызуым әлі төмендемей тұр. бірде 39, бірде 40 гр. Бұрын бұлай қатты ауырмағанмын.

Қаңтардың аяқ шенінен бүгінге дейін 21 солтүстікқазақстандық тұмау ауруына шалдығып үлгерген. Оның 19-ы халық арасында шошқа тұмауы деп аталып кеткен H1N1 вирусын жұқтырған. Инфекциялық жұқпалы аурудан 5 теріскейлік ендігі құлан таза айығып, үйлеріне шығарылды, дейді ақ халаттылар.

Ғалия Сыздықова, №1 қалалық аурухананың инфекционист дәрігері:

-Тұмаудың алғашқы белгілеріне дене температурасының көтерілуі, құрғақ жөтел, ағзаның әлсізденуі жатады. Шошқа тұмауын – қауіпті А типті тұмау вирусы қоздырып, таратады. Егер науқастар дер кезінде дәрігерге қаралатын болса, тұмауды толығымен емдеуге болады.

Жедел респираторлық-вирустық инфекция қаңтар айының соңында бас көтереді екен. Бұл уақытта адамдар ауруды жұқтырып алмас үшін барынша сақтық шараларын ұстанғаны жөн дейді дәрігерлер.

-Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеп деп жатамыз. Егер уақытында тұмауға қарсы екпе жасатпаған болсаңыз, вирусты жұқтырмау үшін оксолин майын жағып, бетперде тағып жүрген жөн.

Дәрігерлердің айтуынша былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда тұмау мен ЖРВИ жұқтырғандар саны едәуір төмендеген.

 

Акбопе Танирберген