Денсаулық сақтау

Мемлекеттің қолдауымен ашылған стоматология

Осы ісін ашу үшін жеке кәсіпкер Юлия Редькина мемлекеттік бағдарламаға жүгінген. «Бизнестің жол картасы» аясында «Даму» қоры арқылы 38 млн теңге несие алыпты. 12 пайыздық мөлшерлемемен 3 жылға рәсімделген қаражаттың 7%-ын мемлекет субсидиялайды.
Ал, Юлия Редькинаның өзі кезінде Солтүстік Қазақстан медициналық колледжін тәмамдаған. Сол уақыттан бері бұл салада 22 жыл қызмет етіп келеді.

Мұндағы ақ халаттылар тісті протездеп, емдейді, сарғайғанын ағартып, рентгенге түсіреді. Жақында стоматолог-ортодонт дәрігерінің кабинетін ашпақшы. Ол үшін интернатураны бітірген жас мамандарды жұмысқа алмақ.

Юлия Редькина, “ЮДИ-Дент” ЖШС директоры:


– Бұл біздің отбасылық бизнесіміз деп айтуға болады. Балаларыммен бірге ашып отырған екінші стоматологиямыз. Үлкен ұлым Қарағандыдағы медициналық университеттің интернатурасында білім алуда. Бітіргесін осында келеді. Жазда тәжірибеден өткен тағы екі студент те осы жерде еңбектенбек. Жалпы бұл серіктестікті ашу арқылы 20 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Талапқа сай түрлі аппараттар сатып алдық. Өзге де қажет құрылғылар алу үшін Даму қоры арқылы тағы 15 млн теңге несие рәсімдеп жатырмыз.

Берік Мұқанғалиев тісі ауырып үйіне жақын болғасын “ЮДИ-Дент” стамотологиясына келіпті. Дәрігер бірден ауру тісті микроптардан тазалап, қалыпқа келтірді. Азамат осыдан бұрынырақта тісі ауырып дәрігердің көмегіне жүгінген. Ол уақытпен салыстырғанда қазір түрлі аппараттардың арқасында емдеп жатқанда білінетін тістің ауыруы да сезілген жоқ дейді.

Берік Мұқанғалиев, емделуші:


– Тісім ауырғасын келдім. Бірден емдеп берді. Мамандары да заманауи аппараттары да жақсы.

Жеке меншік стоматология Мемлекет тапсырын орындаумен де айналысады. Биылдыққа 4 млн теңгенің тендерін жеңіп алған. Бұл қаражатқа жүкті келіншектер, зейнеткерлер және қоғамның өзге де әлжуаз топ өкілдеріне тегін қызмет көрсетеді. Айта кетейік, мұнда тек 15 жастан асқан емделушілер ғана қабылданады.

Акбопе Танирберген