Без категории

Солтүтікқазақстандықтар 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлерін еске алды

Солтүстікқазақстандық солдат атағы жер жарған 314-ші атқыштар дивизиясының кескілескен ұрыстарының бірінде қаза табады. Көнекөз қария сұрапыл жылдары бауырларының ыстық құшағы ажыраған сәттерді еске алып, ескерткіш басына жиі келеді екен.

Жасұлан Құдабаев – тыл еңбеккері:

– Бұл жер киелі. Дәл осы орында 314-ші атқыштар дивизиясы құрылған болатын. Ол кезде мына кинотеатрдың орнына әскери комиссариат болған.

Бүгін Ленинград қоршауының бұзылғанына 72 жыл толуына орай Кутузов орденді 314-ші Кингисептік атқыштар дивизиясының құрметіне орнатылған ескерткішке халық көп жиналды. Бейбіт күннің ұрпақтары қызыл қалампыр ұстап ата-баба рухына тағзым етуде. Алғашқы гүл себеті – облыс әкімінің атынан.

314-ші атқыштар дивизиясы 1941-ші жылдың маусымында Петропавл қаласында қысқа мерзімнің ішінде жасақталады. Оның құрамындағы жауынгерлердің арасында Павлодар, Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстарының тумалары да болды. 314-ші атқыштар дивизиясы солтүстік-батыс майданда кеңес елінің талай қалаларын жаудан азат етуге атсалысты. Фашистердің қоршауында қалған Ленинград блокадасын бұзуда дивизия өшпес ерлік көрсетті. Ол үшін екінің біріне беріле бермейтін ІІ дәрежелі Кутузов орденімен, ал оның құрамындағы атқыштар полктары Александр Невский орденімен марапатталды.
Сол отты жылдары фашистер Ленинградты 872 күн бойы қоршауда ұстаған. Екi жылдан астам уақыт аралығында бiр жарым миллион адамның өмірі қиылады.
Ал 44-ші жылдың 27-ші қаңтарында қаһарман қала толығымен азат етілгенде бөркін көкке атқан адам болмаған шығар дейді блокадашы Любовь Яковлева.

Любовь Яковлева – блокадашы:

– Біз басында ешнәрсе түсінбедік. Сосын есімізді жиып, бір-бірімізден мән-жайды сұрастыра келе қаланың жау қолынан босағандығын естідік. Ол күні қуанышымызда шек болмады. Енді қайтадан басымызға соғыс қаупі төнбесін деп тілеймін.

Қазіргі таңда өңірде дәл сол Ленинград қоршауында болған 11 блокадашы тұрады. Ал 314-ші Кутузов орденді Кингисептік атқыштар дивизяисының құрамынан өкінішке қарай бірде-бір майдангер бұл күнге дейін жете алмады.

– Басым бөлігі қазақтардан тұратын, 18 ұлттың өкілдерінен құралған 314-ші атқыштар дивизиясының жартысынан көбі осы өлкенің тұрғындарынан жасақталды. 1945 жылдың мамырында таратылған аталмыш дивизия құрамында болған 3 832 қазақстандық батырлар жауынгерлік ордендермен, 4 694 солдат медальдармен марапатталып, 3 сарбаз Кеңес Одағының Батыры деген жоғарғы атаққа ие болған. Бүгінде қайсар мінезді бабаларының ерлігін кейінгі ұрпақ мәңгі есте сақтайды.

 

Риат Шони