Спорт

“Қызыл-Жар СК” ФК жаңа маусымға дайындық үстінде

Ол бұрындары еліміздің “Қайсар”, “Қайрат” сынды белді құрамаларының намысын қорғаған. Футболшының ендігі мақсаты теріскейлік ұжым қатарында жақсы өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жету.

Тимур Байжанов – “Қызыл-Жар СК” футбол командасының шабуылшысы:

– Команда өзіме ұнайды. Құрамадағы жігіттердің көбісі жастар болғандықтан олармен тіл табысу жеңіл болды. Ал, ұжымдағы ардагер ойыншылар болса жаттығу кезінде білген-түйгендерін үйретіп жатады. Алдағы маусымда жақсы өнер көрсетіп, келер жылы премьер-лигага өтеміз деп ойлаймын.

Жалпы, “Қызыл-Жар СК” футбол командасы жаңа маусымға дайындықтарын желтоқсан айынан бастаған. Олар күніне екі рет жаттығу өткізеді. Таңертен физикалық әлеуеттерін арттырса, ал кешкілік техникалық шеберліктерін шындайды. Яғни, допты дәлдікпен әріптесіңе беру, қақпаны тура көздеу әдістерін меңгереді. Теріскейлік ұжымның бас бапкері Владимир Фомичевтің айтуынша биыл құраманың 80 пайызын жаңа ойыншылар басқан. Сондықтан, келер маусымда көш соңында қалмас үшін әлі де жаттығуды арттыру керек дейді.

Владимир Фомичев – “Қызыл-Жар СК” футбол командасының бас бапкері:

– Биыл бізде жаңадан жасақталған құрам десем де болады. Бұрынғы ойыншылардан тек бес футболшы ғана қалды. Көбі басқа ұжымдарға ауысып кетті. Енді, ақпан айының соңында Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиындарына барамыз. Сол жақта үш шетелдік жігітті қатарымызға қосу ойда бар. Бұл да команданың келер маусымдағы ойындарда жеңіске жетуі үшін көмек болмақ.

Сондай-ақ, биыл жергілікті құрама сапын солтүстікқазақстандық футболсүйер қауымға жақын таныс – Евгений Аверченко толықтыруы мүмкін. Спортшы біраз жылдар бойы жергілікті команда қатарында доп тепкен болатын. Ол қазір ұжым басшылығымен келіссөздер жүргізуде.

 

Култанов Байболат