МТРА жаңалықтары

Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев тұрғындар алдында есеп берді

Соңғы 1-2 жыл ішінде жергілікті халық тіршілік көзін өз күштерімен баспаналарына өткізіп жатыр. Гүләйім Құрсаринаның Явленка селосында тұрып жатқанына 25 жыл болған. Былтырғы жазда ол су құбырын тура үйіне тартып алыпты.

Гүләйім Құрсарина – Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Халыққа жағдай жасалып жатыр. Оның бірі су мәселесі. Қазір су үйге кіріп, жақсы болып қалды. Қолымыз суға жетті. Бұрын флякпен су таситынбыз.

Өткен жылы 6 мыңнан аса тұрғыны бар Явленка селолық округ тұрғындарынан келіп түскен 124 арыз-шағымның барлығы өз шешімін тапқан.
Бүгінгі жиынға қатысқан аудан әкіміне жергілікті халық көшені жарықтандыру мен жолдарды қардан аршу жөніндегі сұрақтарын жазбаша түрде жеткізді. Мұратбек Әбішев қозғалған мәселелер қарастырылады деді.
Бір айта кететіні, ауданда қазіргі уақытта еңбекпен қамтуға екпін берілуде.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:

– Өткен жылы жоспар бойынша 1300-ден артық адам жұмыспен қамтылуы тиіс еді. Оны біз артығымен орындап 1700 адамды жұмысқа орналастырдық. Осылай жұмыссыздық деңгейін төмендетіп отырмыз.

Тұрғындар өз кезегінде жергілікті басшылардың жұмысына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Вячеслав Смирнов – Явленка селосының тұрғыны

– Өзім есептік кездесулердің бірін де қалдырмай, қатысып отырамын. Ауданда әлі шешімін таппай жүрген проблемалар баршылық. Әсіресе, аудан атқамінерлері көшелерді қардан тазалауға көп көңіл бөлсе деген тілегім бар.

 

Бакыт Садуакасов