Спорт

Петропавлда аралас жекпе-жектен қалалық екінші ашық чемпионат өтті

Сонымен, 61 келі салмақта бірінші болып шаршы алаңға Хикматулла Шарипов пен Юрий Васильченко шықты. Берілген уақыт – 3 минут. Қарсыласына бағытталған алғашқы соққы көк бұрыштағы Хикматулладан келді. Бұл қарқынды спортшы 180 секунд ішінде сақтап, жеңімпаздар тізіміне енді.

Хикматулла Шарипов – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:


–  Аралас жекпе-жекпен мен бір жыл айналысып жүрмін. Бүгін шаршы алаңға шыққан қарсыласым мықты. Ол көбіне күрес техникасын пайдаланды, ал мен болсам бокс әдісін қолдандым. Бірақ, кейін техникамды ауыстырып, бәсекелесімді жеңім шықтым.

Ал мына 10-11 жасар балалардың аралас жекпе-жекпен айналысып жүргендеріне шамалы уақыт болыпты. Бірақ, соған қарамастан, жас өрендер бір-бірінен қалысар емес. Бұл кездесуде көк бұрыштағы Сұлтан Сарыбай 2 минутта қарсыласы Мади Ғабдулинге қылқындыру әдісін пайдаланып, жеңіске жетті. Өз қарқынын 10 жасар Сұлтан финалдық кездесуде де сақтап қалды.

Сұлтан Сарыбай – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:


–  Менің бұл спортпен айналысқаныма екі жыл болды. Чемпион болғым келеді. Бүгін қарсыласымды жеңу үшін мені жақсылап дайындады. Ол менің аяғымның астына келіп қалғанда қылқындыру әдісін қолдандым.

Айту керек, спорттың бұл түрі өңірде енді ғана қарқын алып келеді. Облыс бойынша аралас жекпе-жекпен айналысатын 140-тан астам жеткіншекті 7 бапкер тәрбиелеуде. Ал бүгінгі жарыста 9 түрлі салмақта 50 қатысушы бәсекеге түспек.

Азамат Садвакасов – СҚО аралас жекпе-жектен бас бапкері:

 


–  Бүгінгі жарыстың ерекшелігі 10 мен 11 жас аралығындағы балалардың аралас жекпе-жектен алғаш рет рингке шығуы. Оларды ақырындап чемпионаттарға дайындап жатырмыз.Бүгінгі чемпионатта жеңіске жеткендер сәуір айында Астана қаласында өтетін Қазақстанның ашық чемпионатына жолдама алады.

Сонымен, жарыс аяқталды. Жеңімпаздар белгілі. Енді сәуір айында өтетін ел чемпионатында өңір намысын 5 спортшы қорғайтын болды.

Айгерим Ержанова