МТРА жаңалықтары

Булаево қаласының әкімі тұрғындардың алдында есеп берді

-Медвежка ауылының тұрғындары ауыз су қиындығын 25 жылдан астам уақыт көріп келеді. Тіршілік көзін олар Булаев қаласында орналасқан мына мұнарадан тасиды екен.

Мұнда су аптасына небәрі 2 реттен ғана әкелінеді. Сол себепті ауыл тұрғындары үйдегі бар ыдыстары мен мал суарғыштарын да толтырып алады.

Татьяна Кийко – Медвежка ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

-Біздің ауылға суды дүйсенбі және жұма күндері әкеледі. Мал-жанымыз бар. Сондықтан үлкен ыдыстырдың бәріне суды молынан құйып аламыз. Кір жуамыз, монша жағамыз. Су тасушымыз аязды күндері де бізге тіршілік көзін жеткізіп тұрады. Алғысымыз шексіз, әрине. Бірақ бұл мәселенің шешілгені тіптен жақсы болар еді.

Бұл мәселе Булаево қаласы әкімнің есеп беру кездесуінде көтерілді. Бахытжан Турсыхановтың айтуынша, су таратқыш құбырларды орнату жұмысы басталған, тіпті аяқталуға жақын дейді. Медвежка ауылының кейбір үйлеріне тіршілік көзін тарату желісі орнатылған. Бірақ оны тұрғындардың жартысынан көбі тарту қажет. Содан соң ғана су құбыры іске қосылмақ. Ал әзірге бұл жұмыстың қарқыны баяу жүруде.

Еркен Бралин – «Булаево қалалық су шаруашылығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК директорының мідетін атқарушы:

-Суды тарту үшін әр үйден шамамен 20-30 мың теңге шығады. Оның ішінде пайдаланылған барлық материалдар, жұмысшылардың ақысы бар. Зейнеткерлерге бөліп төлеуге болады.

Сондай-ақ, жиында тұрғындар Булаево қаласы мен Медвежка ауылы арасында қатынайтын автобустың қайта іске қосылуын өтінді. Шаһар басшысы аталған мәселе жақында шешімін табады деді. Ал тағы бір проблема бұл – ауылдағы қаңғыбас иттер.

Бахытжан Тұрсынханов – Булаево қаласының әкімі:

-Иттер мәселесін әкімшілікке телефон шалып, міндетті түрде өтініш қалдыру керек. Кейін бұл іс ветеринарлық станцияға жіберіледі. Сол жердегі мамандар бұл проблеманы шешеді.

Бұл отырыста шаһар басшысы өткен 2015 жылды қорытындылады. Мәселен, былтырдан қалада жол мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Шұңқырларды жабу үшін өткен жылы жергілікті бюджеттен 3 млн теңге, ал ауылды абаттандыруға бұдан екі есе қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, “Жұмыспен қамту жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарлама аясында 200-ден астам қала тұрғыны екі қолға бір күрек тапқан. Биылғы жылға құрған жоспар да ауқымды. Алға қойған басты мақсат – ауылды көркейту деп түйіндеді Булаево қаласының әкімі Бахытжан Тұрсынханов.

 

 

Айгерим Ержанова